Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасын іске асыру тұрғысынан сарапшылық талқылаудан өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сілтеме жасап.
Жолдауда инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту, өнеркәсіптік әлеуетті нығайту және елдің экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер жасау қажеттігіне ерекше назар аударылды. 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс құрылыс кешенін дамытуға, инвестициялар тартуға, отандық өндірісті кеңейтуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа бағдар береді.

Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК) және «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-мен бірлесіп «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс-2027: Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында сарапшылық талқылау ұйымдастырды.
Іс-шара Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасын іске асырудың экономикалық, инвестициялық және салалық аспектілерін жан-жақты қарастыратын алаңға айналды. Талдау сараптамасын, тұрғын үйді қаржыландыру құралдарын және өнеркәсіптік даму мүмкіндіктерін біріктіре отырып, ҚСЗИ, ҚТК және QazIndustry «Қазақстандағы жалпыхалықтық ауқымды құрылыс: даму ауқымы мен көкжиектері» атты талдамалық баяндамада жаңа құрылыс кезеңінің перспективаларына қатысты ортақ көзқарасын ұсынды.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасы инвестициялар тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға бағытталған Жолдаудың кең ауқымды экономикалық күн тәртібінің бір бөлігі екенін атап өтті.

«Алдағы ауқымды құрылыс елдің қаржылық, инвестициялық, өндірістік және еңбек ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру көзі ғана емес, сонымен қатар жеке капиталды тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті кеңейтуге және сабақтас салаларды дамытуға серпін беруі тиіс», – деді Жандос Шаймарданов.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жетілдірудің, азаматтардың баспана сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтудің және тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуін халықтың төлем қабілетті сұранысымен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Күздібаев тұрғын үй құрылысын дамыту перспективаларына, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктеріне және жеке инвестицияларды тарту мәселелеріне тоқталды.
«Тұрғын үй құрылысы – соңғы жылдары тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен құрылыс саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сонымен бірге құрылыс көлемін ұлғайту қалаларымыз бен ауылдық аумақтарымызда жайлы орта қалыптастыру үшін инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға кешенді көзқарасты талап етеді. Жобаларды жүйелі іске асыруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі мен жеке инвестицияларды тарту тетіктері маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті Алтай Күздібаев.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров жаңа құрылыс кезеңінің отандық өнеркәсіп өндірісі мен экономиканың сабақтас салаларын дамытудағы елеулі әлеуетін атап өтті.
«Жалпыхалықтық құрылыс жылы – инфрақұрылым салу науқаны ғана емес, іс жүзіндегі қуатты өнеркәсіптік саясат», – деді Эльдар Гумаров. Ол ел ішінде қалыптасатын қосылған құн үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Қазақстанның үлкен халықтық құрылыс алаңы: ауқымы мен даму көкжиегі» атты бірлескен талдамалық баяндаманың таныстырылымы аясында ҚСЗИ-дың жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаева, ҚТК Басқарма төрағасы Алтай Күздібаев және QazIndustry жеңіл, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының басшысы Жанна Байтемірова Қазақстанның құрылыс нарығының жай-күйі мен даму серпініне, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларына, сондай-ақ өңірлердегі құрылыс белсенділігінің ерекшеліктеріне талдау ұсынды.
Тұрғын үй құрылысын дамытуға, оны қаржыландыру тетіктеріне және құрылыс материалдары мен жабдықтарға өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етудегі отандық өнеркәсіптің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ауқымды құрылыстың ықтимал экономикалық әсерлері, оның ішінде инвестициялар тарту, сабақтас салаларды дамыту, өндірістік кооперацияны нығайту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту мәселелері қаралды.

Сарапшылық пікірталас барысында қатысушылар құрылыс кешенін дамыту перспективаларын, инфрақұрылымға салынған инвестициялардың экономикалық қайтарымын арттыру тетіктерін, отандық өндірісті кеңейту және шағын және орта бизнесті ауқымды жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Еске салсақ, Астанада Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғановтың жетекшілігімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті.