Жолдау: Астанада отандық агроөнеркәсіптік кешенді нығайтуға қатысты отырыс өтті

Жолдау: Астанада отандық агроөнеркәсіптік кешенді нығайтуға қатысты отырыс өтті
Фото: ұйымдастырушылар

Астанада Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғановтың жетекшілігімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Отырысқа Құрылтай депутаттары, қоғам қайраткерлері, белсенділер және жастар қатысты.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды қолдайтынын және оларды ауылдық аумақтарды дамыту, отандық агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі алдағы жұмыстың маңызды бағдарлары ретінде қарастыратынын атап өтті.

Қайрат Айтуғанов өңірлерді дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және аграрлық саланы жаңғырту міндеттерінің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің одан әрі дамуына қатысты маңызды бағдарларды айқындайды. Әсіресе өңірлердің тұрақты дамуы, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелерінің маңызы зор. Белгіленген басымдықтар нақты іске асып, нәтижесін беруі маңызды», - деді ол.

Отырыс барысында фермерлерді қолжетімді қаржыландыру, ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, су үнемдеу технологияларын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және агрологистиканы жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттырудан ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға көшу мәселесіне ерекше мән берілді. Агроөнеркәсіптік кешен өнімінің көлемі 15 трлн теңгеге жетіп, жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайғанымен, жиналған астықтың шамамен 2 пайызы ғана терең өңдеуден өтеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы атап өткен Қызылорда облысындағы жүгері мен сояны өңдеу жобаларын, Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластерін, Ақмола облысындағы тауарлы-сүт фермалары мен ет кластерін кеңінен дамыту және осындай табысты тәжірибелерді басқа өңірлерде де қолдану маңызды.

Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асырудағы депутаттардың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру өзара тығыз байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі тек өндірістік көрсеткіштердің өсуімен ғана емес, ауыл тұрғындарының табысы мен жұмыспен қамтылу деңгейінің, өмір сапасының жақсаруымен де бағалануға тиіс.

«Ауылды дамыту - тек ауыл тұрғындарының мәселесі емес. Бұл - еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық тұрақтылығы және ұлттық болашағы мәселесі», - деп атап өтті Шахмардан Байманов.