Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары Жеңіс парадына қатысады

12 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары Жеңіс парадына қатысады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының салтанатты есептобына ең лайықты деген курсанттар іріктелді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруге қатысу үшін әскери институттың 127 курсанты мен екі офицері Астанаға келді. Оқу орнының саптық плацында үш ай бойы күн сайын қарқынды жаттығулар өткізілді. Енді саптық тәсілдерді одан әрі шыңдау елорданың жаттығу алаңдарында жалғасады. 

Әрбір курсант әскери шеруге қатысуды болашақ офицердің өміріндегі маңызды кезең екенін жақсы түсінеді. Бұл жай ғана жаттығу немесе кәсіби дайындықтың көрінісі емес. Еліміздің бас алаңында әскерлердің салтанатты сап түзеуі Ұлы Отаны соғысы майдандарында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ата-бабаларымызға құрмет болмақ.

Мәселен, курсанттар Руслан Дарханов пен Алмас Айтқанның аталары Дархан Мыңбаев пен Оразай Мұсақов майдангерлер. Бірі Украина, енді бірі Калинин майданында соғысқан. Екеуі де бүгінгі тарихи оқиғаға қатысу мүмкіндігін иеленгенін ерекше мақтан етеді.

Құрлық әскерлері әскери институты 3-батальонының командирі подполковник Жасұлан Сейітқазин екінші, үшінші курс курсанттары Жеңіс шеруіне қатысушылар ретінде оқу орнының тарихына енеді деп есептейді. Ол қарамағындағылар өз міндеттерін сәтті орындайтынына сенімді, өйткені Жеңіс шеруіне қатысу – көптің арманы.

Айта кетейік, Астанада 4 мыңнан астам әскери қызметші Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруге дайындалып жатыр.