Елордада сәнқой әжелер арасында этнофестиваль өтті

Астанада Радио қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған ASYL MURA этнофестивалінде «Ең үздік ұлттық киім» номинациясы бойынша «Сарыарқа» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Кербез models» тобы жеңімпаз атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Модельдер сахнаға ұлттық нақыштағы әсем киімдерімен шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қатысушылардың сәнді жүрісі мен сахналық мәдениеті ерекше әсер қалдырды. Бұл жеңіс сәнқой әжелер ұжымына үлкен шабыт беріп, алдағы шығармашылыққа жаңа серпін сыйлады.
«Kerbez_models» тобына зейнеткер Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді.
Бүгінде сән тобының кербез әжелері ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеп жүр.
Сәнқой әжелер «Сарыарқа» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізеді. Оларға сән көрсетілімі өнері бойынша хореограф Томирис Байкенова дәріс беріп, әдемі жүріс-тұрысқа үйретуде.
Айта кетейік, «Kerbez_models» тобына 20 адам қатысады.