Астаналық спортшылар жарты жылда 5 мыңнан астам медаль жеңіп алды


2025 жылдың 1-жартыжылдығында қала құрамасының спортшылары 5 мыңнан астам түрлі медальға ие болды (алтын – 1 956, күміс – 1 706, қола – 1 613). Тек қалалық деңгейдегі жарыстарда спортшылар 1 255 жүлделі орын иеленсе, республикалық деңгейдегі жарыстарда – 3 374 медаль, ал халықаралық жарыстарда 646 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Астананың Коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бүгінгі таңда Қазақстанда спорттың дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Еңселі елордамызда дүбірлі додаларда топ жарып, қаламызбен қатар еліміздің абыройын асқақтатып жүрген саңлақтар жетерлік.
Азамат Ағзамовтың айтуынша, Астана қаласының құрама командасының спортшылары 1 308 спорттық іс-шараға қатысты. Атап айтқанда:
• қалалық жарыстар – 54;
• республикалық жарыстар – 661;
• халықаралық жарыстар – 266;
• оқу-жаттығу жиындары – 327.
Елордалық спортшылардың әлемдік додалардағы жеңістері мен жоғары нәтижелері еліміздегі спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанының бірден-бір дәлелі. Олар еліміздің көк туын көкте желбіретіп, «Қазақстан» атауын дүниежүзіне танытып, ел абыройын асқақтатып жүр.
Атап өтсек, ақпан айында Астана қаласының құрама командасы Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында бақ сынады. Жарыстар жалпы 11 спорт түрі бойынша ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Астана қаласының командасы бес спорт түрінен 37 спортшы қатысты: шайбалы хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және керлинг. Астана қаласының спортшылары кешенді жарыстың қорытындысы бойынша 6 медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар төрт жылда бір рет өтетін VI қысқы Спартакиадада Астана қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленіп, 14 алтын, 15 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Үш айға созылған тартысты додада елордамыздың намысын 7 спорт түрі бойынша 70 спортшы қорғады.
Амман қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында (U15 және U17) елордалық Досжан Жұмақан мен Санжар Матасов Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, алтын медальға ие болды.
2025 жылдың 1-30 маусымы аралығында тірек-қимыл аппараты, көру органдары зақымдалған және интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII Спартакиадасы өтті. Аталған жарыста Астана қаласы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.
Елорда төрінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының кубогы өтті. Бұл дүбірлі додада Астана қаласының намысын қорғаған грек-рим күресінің саңлақтары ерекше табандылық пен қайсар мінез көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш бастап, 1-орынға ие болды. Бозкілем шеберлері 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді қанжығаларына байлады.
Сондай-ақ Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан әлем кубогы өтті. Бұл – Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы. Бұл беделді бәсекеде Астананың намысын үш спортшымыз қорғады: Санжар Ташкенбай мен ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбайлар. Нәтижесінде:
Санжар Ташкенбай – алтын медаль,
Нұрбек Оралбай – күміс медаль,
Айбек Оралбай – аса ауыр салмақта алтын медаль иеленді.
Осылайша Қазақстан өз жерінде өткен әлем кубогын сегіз алтын медальмен қорытындылап, ел мерейін асқақтатты.
Астанада өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қос спортшымыз жүлдегер атанды. Атап айтсақ, талантты спортшымыз Едіге Емберді Азия рекордымен жастар арасында Азия чемпионы атанды. Ол серпе көтеру мен қоссайыс нәтижесінде екі бірдей Азия рекордын жаңартты. Тағы бір спортшымыз Аңсар Тұрсымбек +94 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, серпе көтеруде 182 келі, ал қоссайыста 326 келіні (144+182) еңсеріп, екі күміс медаль жеңіп алды.
Күні кеше Софияда өткен әлем чемпионатында еліміздің атын асқақтатқан көркем гимнастика шебері Ақмарал Ерекешева қос алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан спорт тарихына жарқын із қалдырды.
Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасының Жастар спорт ойындары өтіп жатыр. Қазіргі таңда Астана қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орында келеді - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов.



