Автобуспен көшпенділер ойындарын көруге шыққан түрік отбасы Астанаға келді
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Екі күннен кейін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады — бұл шара нағыз мәдени және спорттық мерекеге айналады деп күтілуде. Таңертеңнен бастап Қазақстанның астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен қонақтар келуде. Олардың арасында Түркиядан келген ерлі-зайыптылар Бурак пен Идиль Дуран да бар. Бурак — мыңдаған оқырманы бар саяхатшы-блогер. Олар отбасымен Анкарадан Астанаға автобуспен өз беттерінше аттанып, Көшпенділер ойындарын көруге келді. Бурак пен Идиль Стамбулдағы жайлы өмірден бас тартып, тоғыз айдан бері өздерінің «Көшпенді» деп еркелетіп атаған автокөлігімен саяхаттап жүр», - деді төраға.
Олардың қасында екі жасар ұлы Гюнеш Кутлухан да бар.
«Бұл отбасы Анкарадан саяхатын бастап, Астанаға дейін 5400 шақырым жолды жүріп өтіп, осы бірегей шараның бір бөлігі болуға келеді. Айта кетейін, 8-13 қыркүйек аралығында Астанаға 80-нен астам елден екі мыңнан аса спортшы жиналады. Ойындар бағдарламасында 21 спорт түрі қамтылған, олардың ішінде дәстүрлі ат ойындары, күрес және садақ ату да бар», - деді Ерлан Каналимов.