00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

ТЖД: Елордадағы өрт сөндіру бөлімдерінің инфрақұрылымдық әлеуеті қандай

27 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
ТЖД: Елордадағы өрт сөндіру бөлімдерінің инфрақұрылымдық әлеуеті қандай
Фото: Elordainfo.kz/Әмір Теміржан

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары жыл басынан бері 5 мыңнан астам өртті сөндіруге шықты. Оның ішінде 700-ден астам қызыл жалынды ауыздықтап, 2 мыңға жуық апаттық құтқару жұмыстарын жүргізді. Өрт оқиғалары кезінде 300-ге жуық зардап шегуші құтқарылып, 350-ден астам адам эвакуацияланды.

Ал төтеншеліктердің осылайша тәулік бойы елорданың өрт қауіпсіздігін сақтауға тас түйін дайын отыруына қаншалықты жағдай жасалған? Elordainfo.kz тілшісі мамандардан осы мәселе төңірегінде сұрап білді.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мәдияр Мырзагелдиевтің айтуынша, Астана қаласы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауының арқасында бүгінде бөлімшелерде өрт сөндіру және құтқару техникасы бойынша тапшылық жоқ.

«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның қолдауымен өрт сөндіру бөлімшелерінің қажеттілігі үшін 15 жаңа Huyndai автоцистернасы алынды. Одан басқа техникалық базамыз 90 метрге дейін көтерілетін автоиінді көтергіш автокөлігімен толықты. Мұндай автокөліктер бөлімшелердің биік ғимараттарда өртті сөндірудегі тактикалық мүмкіндіктерін жоғарылатты», - деді М.Мырзагелдиев.

Жалпы, 2019 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігі тарапынан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қажеттілігіне 60-тан астам әртүрлі техника мен жабдықтар алынған. Қазіргі уақытта 7 бөлімшенің ғимаратына күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша сұрақтар пысықталуда.

«Биыл 3 өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары өткізілсе, 2 өрт сөндіру бөлімі жаңадан салынып тапсырылған болатын. Оның біріншісі – қаланың «Сарыарқа» ауданы Көктал көшесінде орналасқан № 24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, ал екіншісі – «Алматы» ауданы Қордай көшесінде орналасқан №23 өрт сөндіру бөлімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 17 қазанда  №23 өрт сөндіру бөліміне барған болатын. Президентіміз онда төтеншеліктердің қызметіне жоғары баға берді. Бөлімшелерді жаңа заманауи техника және құрал-жабдықтармен жабдықтауды, сондай-ақ біздің қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды әрі қарай жалғастыруға тапсырма берді», - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

Аталған №23 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты барлық заманауи талаптарға жауап береді. Ыңғайлы кеңсе, кең гараж, тіпті мекеме ғимаратының қасынан қызметкерлерге арналып жаңа жайлы жатақхана да салынған. Бөлім бастығының орынбасары Манас Қадірбаевтың айтуынша, бөлім базасы әр кез қажетті техникамен толықтырылып отырады. Дәл қазір бөлімде 6  негізгі, 1 көмекші техника бар.

«Біздің бөлімде секундына 40 литр су шашатын 5 тонналық автоцистерналар бар. Жақында бұлардың қатарына секундына 60 литр суды жоғары қысыммен  шашуға мүмкіндік беретін автоцистерна қосылды. Бұл көліктерде су, көбік және өртті сөндіруге арналған құрал-жабдықтар болады. Суды қалалық су құбырынан немесе қажет болғанда өрт аумағына жақын көздерден аламыз. Ағаштан, пластиктен, қағаздан, матадан жасалған заттар өртенгенде көбіне сумен сөндірсек, автокөліктер жанғанда көбікті пайдаланамыз. Өйткені мұнай өнімдері жанғанда суға сөнбейді, керісінше өршіп кетуі мүмкін», - деді №23 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Манас Қадірбаев. суға сөнбейді

Қалалық әкімшіліктің қолдауымен бөлімге бұдан өзге өрт сөндіргіш шарлар берілген. «Сфера» деп аталатын бұл құрал жоғары кернеулі ток көздерінде тұтанған өртті автоматты түрде сөндіруге арналған.

«220, 380 В, тіпті одан да жоғары кернеулі трансформаторлар мен электр қалқаншаларымен жұмыс істеу үшін біз «Астана Аймақтық электржелілік компаниясы» АҚ қызметкерлері келгенін күтіп, жазбаша рұқсат аламыз. Өрт тұтанған ғимарат толық ток көзінен айрылған соң, жұмысымызды бастаймыз. Ал бұл шарлар арқылы ток көздерінде өршіген отты нүктелі ауыздықтай аламыз. Яғни аталған құралды шарпи жанған қызыл жалынға лақтырып жібереміз. Температурасы өзінің шегіне жеткен соң, ол атылып, ұнтақ шашады. Солайша сол жердегі өрттің жайылмауына себеп болады.

Сонымен қатар судың қысымын реттеп отыруға ыңғайлы жаңа оқпандарды да өрт сөндіруде пайдаланамыз», - деді №23 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары. 

Ал құтарушылар үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа арнайы киімдер ұсынған. Бұл киімдер бұрынғыға қарағанда екі есе жеңіл, яғни ескі үлгідегі киімдердің салмағы 8-9 кг болса, жаңа киімдердің салмағы 4-5 кг ғана. Бұлардың қай-қайсысы да өртке төзімді материалдан тігілгенмен, жаңа форма 1 мың градус температураны 3 секунд ұстап тұруға көмектеседі. Алдыңғылары резинадан жасалса, кейінгілері былғарыдан істелген, сондықтан төзімді әрі жылы болады.

Сондай-ақ бұл формаларда тыныс алуға арналған артық бетперде бар. Ал бұл құтқарушы ғана емес, өрт ішінде қалған адамға көмектесу үшін де аса қажет.

Соңғы келген баскиімдерде де бұрынғыларынан гөрі айырмашылық бар. Жаңа үлгідегі баскиім қолайлырақ, өйткені бас өлшеміне ыңғайлап киетін бірнеше тартқыштары бар.

Жалпы, №23 өрт сөндіру бөлімі басшысы орынбасары Манас Қадірбаевтың айтуынша, өрт сөндірушілер радиотелефонист оқиға туралы хабарлап, дабыл соғылған соң, жеке құрам ұйқыда болса да, 1-1,5 минуттың ішінде арнайы киімдерін шұғыл киіп, техниканы сыртқа шығаруы керек. Ал өрт оқиғасы орнынан келгеннен кейін 10 минуттың ішінде көліктер келесі шақыртуға шығуға сақадай сай дайын тұруы қажет.

«Қаладағы бөлімдер өздеріне қарасты аумақтардағы болған өрт оқиғаларына барады. Дегенмен өрттің деңгейіне қарай көршілес бөлімдерге де көмекке жіберіледі. Қала ішіндегі ірі өрттерге департаменттің барлық бөлімдері жұмылдырылады. Мұндайда биік ғимараттарға өрлеуге мүмкіндік беретін автоиінді көтергіш, көлік тұрағы тәрізді жабық нысандардағы қою түтінді тазалайтын автомобиль, спутник арқылы байланыс орнатып отыратын штаб көлігі сияқты қаладағы бірегей техника іске қосылады.

Яғни өрттің күрделілігіне қарай «рангтарға» бөлеміз. Ең жоғарғысы өрттің 3-деңгейі болып саналады. Бұл - жіберілетін техника да, жеке құрам да көп болады деген сөз. Өрттің үшінші деңгейі жарияланған кезде сол бөлімге көршілес тұрған өрт сөндіру бөлімдерінің бүкіл басшылығы да барады», - деді ол.

Бұдан басқа бөлімдерде көмекші техника болады. Бұлар дала өрттері болған кезде, іргелес қалаларда өрт ошағы өршіген аумақта қызыл жалынның жайылмауы үшін тілсіз жауды ауыздықтап жатқан құтқарушылар құрамына қандай да бір көмек жеткізуге арналған.

«Өрттің сипаттамасына иек артсақ, өрт - бұл адамның өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін, қоршаған ортадағы заттардың бақылаусыз жануы.  Мұндағы біздің мақсатымыз – ең бірінші, адам өмірін сақтау, содан кейін жарылыс қаупінің алдын алу, сондай-ақ қызыл жалынның одан әрі қарай жайылуына жол бермеу болса, біз бұл үдеден шығып жүрміз деп айта аламыз. 

Мысалы, біздің бөлімге қарасты Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында  жеке үйлер көп болғандықтан, өрт оқиғалары жиі болып тұрады. Сол сияқты қалада жатақханалар да көп. Жақында сондай жатақханалардың бірінен біздің жігіттер екі адамды құтқарды. Ғимараттағы өртті барлау кезінде олар аппаратпен ішке енді. Сол кезде бір бұрышта ес-түссіз адамдардың жатқанын байқады да, далаға көтеріп алып шықты.

Ал бірде аудан аумағындағы үй тұрғынының отқа қойған тамағы тасып, одан шыққан түтін ұлғайып кеткен. Көршілер иісті сезіп, 102-ге хабарлайды. Оқиға орнына барған құтқарушылардың мәліметінше, әлгі тұрғын есеңгіреп қалған соң ба, пәтер ортасында қимыл-қозғалыссыз отыр екен. Ол уланудың орташа дәрежесімен ауруханаға жеткізілді.

Тізе берсек, мұндай оқиға көп. Өртті дер шағында оқшаулап, адамдарды құтқарып, күнделікті жұмысында ерлік жасап жүрген құтқарушылар да жетерлік. Сондықтан оларды бөліп-жарып айта алмаймыз. 

Бұдан басқа қаланың сыртында адамдар адасып қалса, оларды іздестіруге, сәйкесінше көмек көрсетуге де жәрдемімізді тигіземіз. Көктемде облыстарда болған су тасқынымен күреске де жұмған жұдырықтай атсалыстық», - деді М.Қадірбаев. 

Оның айтуынша, бөлімде штаттық кесте бойынша 50  қызметкер еңбек етеді. Олар кезекпен тәулік бойы жұмыс істеп, 3 күн демалады. Ауыл-аймақтан келгендердің бірқатарының отбасы бөлім ғимаратының қасынан салынып, биыл жазда пайдалануға берілген жаңа жатақханада тұрып жатыр. Бірқатар қызметкерлерге биыл 1-2 бөлмелі пәтерлер берілді. Құтқарушылар жұмысқа алынған соң, оларға арнайы атақ беріледі. Ал бір жылдан кейін біліктілік бойынша сынақ тапсырған соң, еңбекақысына үстемеақы қосылады. Дегенмен өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші мамандар тапшы. Өйткені көп адам тынымсыз жұмыстың қиындығынан үркектейді. 

Иә, өрт сөндіруші болу үшін психологиялық, моральдық дайындық керек-ақ. Өйткені жанып жатқан ғимараттың ішінен адамды құтқарып алып шығу оңай іс емес. Десе де, «адам сіздің көмегіңізге мұқтаж боп тұрған сын шақта қорқыныш сезімі ұмытылып кетеді» дейді кәнігі құтқарушы.Ендеше, заманауи техникамен қаруланған кәсіби дайындығы жоғары мамандар елорданың өрт қауіпсіздігін сақтауға тас түйін дайын деуге негіз бар.