Тәжікстанның мәдени күндері: Астанада көрме-жәрмеңке аяқталды
Тәжікстанның мәдени күндерін мерекелеу аясында EXPO алаңында тәжік елінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, ұлттық қолөнер бұйымдары және ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады Elorda.info Астана қаласының әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Ол өз жұмысын уақытынан бұрын аяқтады. Себебі жеткізілген өнімдер жылдам сатылып кетті.
Екі күн ішінде іс-шараға 100 мыңнан астам адам қатысты.
Астанаға өз тауарларымен Соғды облысының 300-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі келді. Көрме-жәрмеңкеде олар 1000 тоннадан астам өнім сатты.
Елорда қонақтары мен тұрғындарына жеткізілген өнімдердің алуан түрі ұсынылды. Ассортиментте жаңа піскен көкөністер, жемістер және бақша дақылдары сияқты ауыл шаруашылығы тауарлары болды. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары, табиғи материалдардан жасалған кәдесыйлар, киіз, тоқыма, тоқылған және соғылған сәндік бұйымдар, сондай-ақ пышақтар мен әлемге әйгілі тәжік атласы және т.б. бар, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ келушілерге қыш және ұсталардың темірден соққан туындылары, ағаш өңдеу, көркем кескіндеме, тоқу және басқа да ерекше техникаларды қоса алғанда, ұлттық ерекшеліктер көрсетілді. Жәрмеңкедегі ерекше сәттердің бірі – арнайы концерт ұйымдастырылып, онда Тәжікстан Республикасының шеберлері өнерін паш етті.