00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұстазы да, ұстанымы да мықты мектеп

Ұстазы да, ұстанымы да мықты мектеп
Фото: Жансая Танырқұл

Елорда мектептеріндегі «Elorda Aqparat» серіктестігі қызметкерлерінің «Мектеп және медиасауаттылық» тақырыбындағы кезекті кездесуі Астана қаласындағы № 38 мектеп-лицейінде өтті, деп хабарлады elorda.info 

Серіктестіктің жобасы аясында өткен басқосуда оқушылар «Астана ақшамы» газетінің журналистеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды, қалам ұстаған аға-әпкелері бар білгенін, жиған-тергенін бөлісті. 

мектеп 38 -2.jpg

Бұл мектептің басқа оқу ордаларынан бір ерекшелігі – тәрбиесі, білімі ерекше, дәстүрі қалыптасқан, ата-аналар қаланың басқа бөлігіне көшіп кетсе де балаларын осы мектепке тасиды екен. Буллинг, басқа да келеңсіздіктер көбейген заманда ата-аналардың орнықты оқу ордасына сенім артуы түсінікті. 

Арасында шығармашылықпен айналысатын, сөз өнеріне, журналистикаға жақын оқушылардың сауалдары да қызықты болды. «Журналист болу оңай ма, не үшін осы мамандықты таңдадыңыз?», «Журналистиканың болашағы қандай?» деген сауалдарға газеттің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, мобилограф Жансая Таңырқұл, мен осы жолдардың  авторы жаңа медиа туралы, медиасауаттылыққа, мамандықтың қыр-сырына қатысты жан-жақты жауап берді.

мектеп 38-1.jpg

«Журналист болғаныңызға өкінбейсіз бе?», «Ақша үшін материал жазған кезіңіз болды ма?» деп сұраған Фаризаның сауалына «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Аманғали Қалжанов толымды жауап берді. 

Ұлтқа қажетті дүниелерді жазуға тырысамын. Өз ұлтымның мақсат-мүддесіне қайшы келетін нәрсені жазбақ түгілі ойыма да алған емеспін. Айтаққа еретін, ақшаға жазатын журналистер – бір топ та, мемлекеттік саясатты жазатын әріптестер – бір топ, олардың арасында  салмақты дүниелер жазатын қаламдастарымыз бар. Маған оқырманға күйзеліс әкелген ақпараттан гөрі адамдарға қуаныш сыйлайтын, адамдарға күн сияқты сәуле шашатын нұрлы дүниелер ұнайды,- деді ол. 

амангали.jpg

Жақсы сұрақ қойған Фаризаға Төлен Тілеубай қолтаңбасымен кітабын сыйлап, 25-қазан – Республика күні қарсаңында өтетін, Астананың 25 жылдығына арналған оқушылар арасындағы «Ел жүрегі – елорда» атты шығармалар байқауына қатысуға шақырды, журналистерді жылы қабылдаған мектеп әкімшілігіне, директоры Қадырқазы Мұқановқа алғысын айтты.

Кездесуді түйіндеген мектеп-лицей  директорының орынбасары Айгүл Сағитова қолынан смартфоны түспейтін, газет-журнал мен кітапты сирек оқитын жаңа заман жастары – Z буынына сөз өнері мен журналистика жайлы құнды мәліметтер беріп, арнайы уақыт бөліп келген қаламгерлерге шынайы алғысын білдіріп, талапты талантты оқушылармен шығармашылық байланыс жасау жөнінде ұсыныс жасады.

1999 жылы ашылған, Ақмола Астана атанғалы зиялы қауым өкілдері балаларын апарған, ескі болса да еңсесі биік ғимаратта орналасқан мектеп 2013 жылы қала мектептері арасында «Көшбасшы» атағын иеленген.  Білім ошағында қазір 2257 оқушы білім алады. Мүнда ең алғаш директор болған Жамал Қасымбек атындағы педагогикалық шеберлік кабинеті бар екен.  Онда мектептің жетістіктері, оқушылар мен мұғалімдердің алған марапаттары жинақталған. Сондай-ақ қонақтарды 2009 жылы ашылған мұғалімдердің жетекшілігімен оқушылардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесі таңғалдырды. Онда ағаштан ою ойып, түйін түйген, сурет салған, қағаздан, матадан нешетүрлі бұйымдар жасаған оқушылардың туындылары қойылған. 

Алдағы уақытта мектеп әкімшілігі, бұйырса, Алашорда қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің  атын беру жөнінде республикалық ономастика комиссиясынан шешімін күтіп отыр.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ