Соғым Fest: Астаналықтар жәрмеңкеде 100 тонна соғым сатып алды
Астанада өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Соғым Fest жәрмеңкесі өтті. Онда астаналықтар 100 тоннадан астам соғым сатып алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Сауда комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соғым жәрмеңкесіне Ақмола, Абай және Павлодар облысының шаруалары қатысты.
Жәрмеңкеде сиыр етінің келісі 2300 теңгеден, қой еті мен жылқы етінің келісі 2300-2500 теңге аралығында саудаланды.
Соғым Fest әр сенбі, жексенбі күндері Астанадағы Koktal сауда үйінде өтеді. Онда еттен бөлек азық-түлік өнімдері де сатылады.
«Біз жәрмеңкелерді белсенді өткізуге назар аударып келеміз. Өйткені бұл қысқы мерекелер қарсаңында азық-түлік бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл. Әрі мәдениетіміздегі дәстүрлі, тарихи сауда форматы», - деді Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.
Жалпы жергілікті әкімдіктердің кестесіне сай желтоқсан айында түрлі деңгейдегі 400-ге жуық жәрмеңке өткізу жоспарланған. Мұнда тұрғындар тауарды делдалсыз, өндірушіден тіке ала алады.