Қоғам қайраткерлері халқымызды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады

15 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Қоғам қайраткерлері халқымызды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қоғам және мәдениет қайраткерлері халқымызды ұлық мерекемен құттықтап, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіруде. Солардың ішінде мәдениет пен тарих саласына  елеулі еңбек сіңірген Баянғали Әлімжанов пен Бүркітбай Аяған Elordainfo.kz тілшісіне Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы айтып берді. 

Ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы ретінде кең танылған Баянғали Әлімжанов кинорежиссер, сценарист, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы, сатирик, кинодокументалисші және тележүргізуші ретінде де көп еңбек сіңірген. Еліміздің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткерінің тәуелсіздік туралы айтары көп. 

«Адам баласы қай заманда болмасын, қай жерде болмасын, қай ұлттың баласы болса да, азаттыққа ұмтылған, жеке ел болып тұруды аңсаған, армандаған, сол үшін күрескен. Біздің де ата-бабамыздың қанша замандар бойы  жеке қағанаты болған, хандығы болған, мемлекеті болған. Соның заңды жалғасы -  тәуелсіз мемлекетіміз. Біз осы мемлекеттің азаматы ретінде, патриоты ретінде осы тәуелсіздігімізді сақтауға, нығайтуға және ілгері дамытуға қолымыздан келгенше үлес қосуымыз керек. Әрқайсымыз өзіміздің саламызда жақсы еңбек етіп, елімізді ынтымақ-бірлікке шақыруымыз керек. Басқа мәселелерде біздің көзқарасымыз, пікіріміз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ тәуелсіздік деген ұғымға келгенде біртұтас болып тұруымыз керек. Өйткені бұл - ата-бабамыздың аманаты», - деді Баянғали Әлімжанов. 

Ол бүкіл халқымызды Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің тыныш, жеріміздің берекелі болуына тілектестігін білдірді. 

Сондай-ақ тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған тәу етер тәуелсіздігіміздің қасиетті жолы туралы айтып берді. 

«Тәуелсіздік - мен үшін өте қасиетті мейрам. Оның себебі біздің қазақ елі, алаш елі басынан талай қиыншылықты өткізген, талай жеңіске де жеткен.  Кезінде бабаларымыз Еуразия орталығын билеп тұрған ел болатын. Кейін XVIII-XIX ғасырларда құлдырап, XX ғасырға дейін мемлекетсіз жүрген ел -  сол кездегі қазақтың көрмеген қорлығы жоқ. Тіпті Кеңес дәуірінің өзінде де, кім қалай мақтаса да, қуғын-сүргін, аштық болғанын айтып, жазып жүрміз. 

Тәуелсіздік күні мен үшін баға жетпес, зор мереке болып көрінеді. Себебі тәуелсіздікті, жеңісті миллиондаған қазақ армандаған болатын.

Өкінішке орай тәуелсіздік үшін күрескен алаш азаматтары құрбан болып кетті. Олардың автономиялы мемлекет құру идеясы 1991 жылы орындалды. 

Бұл мемлекетті, тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Кейбір болып жатқан қиыншылықтарға қарамастан, мемлекетімізді сынай бермей, керісінше зайырлы, демократиялық, алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде дамуына күш салуымыз керек», - деді Бүркітбай Аяған. 

Сонымен қатар Бүркітбай Ғелманұлы отандастарымыз бен шетелде жүрген қазақ азаматтарын алда келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деген жүрекжарды тілегін білдірді.