00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Халықтық штаб өкілдері медицина мамандарымен АЭС салу бойынша пікір алмасты

Халықтық штаб өкілдері медицина мамандарымен  АЭС салу бойынша пікір алмасты
Сурет: Автордан

Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасында алдағы референдумға орай халықтық штаб өкілдері АЭС туралы ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Жиынға Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Ирак Елекеев, Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері, Phd Дмитрий Шлимас және аурухананың медициналық персоналы қатысты.

«Медицина өкілдерімен кездесулер өткенде олардың бұл тақырыпты жақсы түсінетіні аңғарылады. Себебі радиация мәселесі оларға жақсы таныс. Осы бағыттағы ақпараттарды да тез түсініп, бірден қабылдайды. Жалпы халықпен кездесулер барысында көбі Балқаштың қауіпсіздігіне, оның бүлінбейтініне алаңдайды. АЭС - өте қауіпсіз электр көзі, оның құрылысында қауіпсіздіктің барлық талаптары қарастырылған, яғни тек ауаға ғана емес, сонымен бірге суға да, айналасына да зиянды заттар тасталмайды. Сонымен қатар егер референдумда оң шешім қабылданар болса АЭС-ті кім салатынын да көп сұрайды. Станса салуға үміткер болып отырған 4 ел арнайы келіп салатын стансалардың ерекшелігін, артықшылығын, салу мерзімі мен құрылыс сапасын таныстырды. Олардың біреуін таңдағанда барлық артықшылықтары назарға алынады, жан-жақты сарапталып, ең тиімді нұсқа алынады. Қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар көршілерінде АЭС бар, тіпті Өзбекстанның өзі референдумсыз атом электр стансасын Ресейге салдыратын болып шешім қабылдады», - дейді Д. Шлимас.

Қазақстанда 2035 жылға қарай электр энергетикасы бойынша 26,5 ГВт жаңа генерация енгізіледі. Соның ішінде ЖЭК үлесі 36%, ГЭС үлесі 12%, газ арқылы 27%, көмір арқылы 17% болса, АЭС арқылы алынатын электр энергиясы 9% болады. Осы ауруханада сәуле диагностикасы бөлімшесінде рентгенолог болып 30 жылдан бері істейтін Махаббат Жапарова мұндай кездесулер ұжымдағы қызметкерлер үшін АЭС бойынша біршама тың ақпараттар алуға мүмкіндік бергенін жеткізді.

«Себебі сол саланың өз мамандары келіп бәрін түсіндірді. АЭС салу мәселесінде халық арасында түрлі пікірлер бар, көбі ғаламтордан көріп, оқып алады, дегенмен ең дұрысы  саланың өз мамандарынан естіген жөн. Бастысы, бізде таңдау мүмкіндігінің болуы. Алдағы бір-екі жылды емес, 10-20 жылдан кейінгі болашағымызды ойласақ, әлемнің көшінен қалмай жаңа энергия көзін өзімізден өндіру ісін қолдауымыз керек деп санаймын. Оның үстіне энергия тапшылығынан сыртқа шығынданып отырмыз, соның орнын толтырып, өз атом энергетикамызды дамытсақ дұрыс болады», - дейді №1 балалар ауруханасының рентгенологы Махаббат Жапарова.

 

Райхан Рахметова