00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мәслихат депутаты: Республика күні – ұлт рухын жаңғыртқан ұлы мереке

Мәслихат депутаты: Республика күні – ұлт рухын жаңғыртқан ұлы мереке
Фото: Мәдина Әжікенованың Facebook парақшасынан

Биыл Республика күні ел деңгейінде ұлттық мереке мәртебесінде үшінші рет атап өтілуде. «25 қазан – Республика күні – бұл күнтізбедегі жай ғана дата емес, жүрегі «елім, жерім, ұлтым» деп соғатын әрбір азаматтың ұлттық рухын асқақтатып, отаншылдық сезімін оятатын, егемен ел болуымыздың мән-мағынасын айшықтайтын маңызды мереке». Мұндай пікірді AMANAT партиясы атынан сайланған Астана қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Мадина Әжікенова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл шешімімен бұл тарихи күннің қайтадан мемлекеттік мереке ретінде белгіленуі - еліміздің өткенге деген құрметі мен келешекке деген сенімінің айқын көрінісі. Біздің басты байлығымыз - тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен еліміздің азаттығы үшін жан аямай күресіп өткен ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтап, өткеннен тағылым алатын бүгінгі күннің ұрпағы ретінде біз егемендігіміздің қадірін терең білуіміз керек», - деді депутат.

1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылданып, еліміз егемендікке алғаш батыл қадам жасады.

«Бұл бізге тәуелсіздікке бет бұрып, әлемдік аренада өзімізге лайықты орнымызды табуға жол ашты. Бүгінде әлем картасынан ойып тұрып орын алған Қазақ елі - тұғыры биік мемлекетке айналып, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, тұрақты даму жолына түсті. Бұл – ел игілігі үшін еңбек етіп, болашаққа сенімді қадам басқан әрбір отандасымыздың адал еңбегінің жемісі. Республика күні – біздің тәуелсіздігіміздің бастауы, ұлттық рухымыздың асқақтауы, егемендігіміздің мәңгілік символы. Еліміздің ертеңі халқымыздың бірлігіне, патриоттық сезіміне, ұлттық рухына байланысты. Бабалар аманатына қиянат жасамай, тәуелсіздігімізді қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ перзенттік парызымыз. Рухымыз биік, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Республика күні құтты болсын!», - деп сөзін түйіндеді Мадина Әжікенова.