Ұландық жауынгерлер арасында «Көшпенділер сарбазы» сайысы өтті
Бүгін елордадағы 5573 әскери бөлімінде Ұлттық спорт күніне орай «Көшпенділер сарбазы» атауымен армлифтингтен мерзімді әскери қызметшілер арасында ашық форматтағы жарыс өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Әскери бөлімнің сарбаздары арасында өткен сайысты Ішкі істер министрлігінің Орталық әскери-тергеу басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараға «Көшпенділер сарбазы» жобасының авторы ауыр атлетикадан спорт шебері, әлем кубогының жүлдегері, төрт мәрте Гиннесс рекордын орнатқан ІІМ Орталық әскери-тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі әділет подполковнигі Бауыржан Камалиев арнайы келді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі әскери қызметшілер арасында спорттық-прафилактикалық жұмыстарды күшейтуге атсалысып жүр. Сондықтан да «Көшпенділер сарбазы» атауымен армлифтингтен жалпы әскери бөлімдер арасында спартакиадалық ойындар өткізіп келеміз. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірін қамту жоспарда бар. Іріктеуден өткен жауынгерлерді Бурабайға жинап, барлық әскер арасынан чемпионды анықтаймыз», - деді әділет подполковнигі Бауыржан Камалиев.
Мұндағы басты мақсат – жеке құрамның спорттық қабілеттерін арттыру, сарбаздардың бойындағы патриоттық рухты ояту.
Сайысқа әскери бөлім ішінен іріктелген 25 сарбаз қатысты. Армлифтингтен жарысқа түскен жауынгерлер бес кезеңнен өтті. Олар спорттық жаттығуларға арналған ауыр темірлерді күрделі тәсілдер арқылы еңсеруге тырысты. Жарыста әскерге Шымкент қаласынан шақырылған қатардағы Мәулет Әмірсейіт жеңімпаз атанды. Тараздық қатардағы Нұржан Балғабаев екінші орын иеленді. Ал үштікті Қостанай қаласының тумасы қатардағы Вадим Кутищев түйіндеді. Жеңімпаздарға ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы әділет полковнигі М. Б. Шәкеровтың атынан арнайы грамота мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Бүгін сіздер біздің сарбаздарға мерекелік көңіл күй сыйладыңыздар. Күшті қажет ететін спорт түрлері жауынгерлердің рухын көтереді. Сонымен қатар сарбаздарымыздың жауынгерлік қызметтегі имиджін арттырады. Сол себепті сіздерге барлық жеке құрам атынан және 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Аян Есжановтың атынан алғыс білдіреміз», - деді әскери бөлім командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары подполковник Тимур Рахимов.