00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұландық 4 әскери қызметші ел чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Ұландық 4 әскери қызметші ел чемпионатында күміс жүлдегер атанды
коллаж Elorda.info

Ұландық 4 әскери қызметші ел чемпионатында күміс жүлдегер атанды

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері төрт күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elorda.info.

Оған  еліміздің 20 өңірінен келген 600-ден астам спортшы бақ сынауда. Чемпионаттың бірінші күні 55, 63, 72, 82 келіге дейінгі және олимпиадалық салмаққа жататын – 97 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде медальдар сарапқа салынды. 

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Айбек Айтбеков пен 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Исуф Мациев күміс медаль жеңіп алды. 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Елдос Кемеловке қола медаль бұйырды, - деп жазылған Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Ал жарыстың екінші күні Ұлттық ұлан құрама командасының қоржыны грек-рим күресінен түскен екі күміс медальмен толықты. Бұл жолы 77 келі салмақта Ұлттық ұлан спорт құрамаларын даярлау орталығының дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы ефрейтор Тамерлан Шадукаев пен 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Өскемен қаласының 5518 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Диас Әскербай күміс жүлде иегерлері атанды.

Ұлттық ұланның 27 әскери қызметшісі грек-рим және еркін күрестен сынға түсіп жатыр. Екі күн ішінде біздің жігіттер 5 медаль жеңіп алды. Олардың әрқайсысы бозкілемде шеберліктерін, жоғары дайындық деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын байқатты, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы полковник Сатжан Әбішев.