Елордада ханшайымдарға арналған ізгілік балы өтті

Елордада ханшайымдарға арналған ізгілік балы өтті
Фото: Әйгерім Бекболат

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Астана қалалық Білім басқармасы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында дәстүрлі «Көктем симфониясы» балын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жыл сайын көктемде ұйымдастырылатын бұл бал - мектеп президенттері мен мектеп парламентіндегі білім алушы өрендердің бойында адамгершілік және эстетикалық құндылықтарын дамытып, қоғамды тәрбиелейтін, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін себетін іс-шара.

Жас ұрпаққа берер тәлімі мол таңғажайып балда мектепішілік және студенттер парламенттерінің көшбасшылары «Көктем симфониясы» балы кезінде өнер көрсетіп, аналарына, ұстаздарына алғыстарын ризашылықпен жеткізді. Әсіресе, көктем балында «XFAСTOR» байқауының 7-маусымының жеңімпазы, Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының түлегі – Дильнура Биржанова ана туралы әсем әнді орындап, кештің сәнін келтірді, көрігін қыздыра түсті.

Ертегідей киінген әсем бозбалалар мен бойжеткендер балда әсем әуен жетегінде ғажайып вальс ырғағымен аналарымен, ұстаздарымен бірге би билеп, үлкендердің айрықша ықыласына бөленді, алғысын алды. Көрерменнің көз жауын алған мерекелік бағдарлама көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ