Елордалық полицейлерге пәтер кілттері табысталды
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қызметте оң нәтиже көрсетіп, жоғары көрсеткіштерімен көзге түскен полиция қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 5 тәртіп сақшысына елордадағы тұрғын үйлердің бірінен пәтер кілттері берілді.
Департамент бастығы полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмысқа қарсы күреске қосқан үлестерін атап өтті.
Айта кетсек, жаңа қоныстанғандардың қатарындағы ішкі істер органдарында 19 жылдан астам қызмет атқарған Сарыарқа аудандық басқармасының аға учаскелік инспекторы Құдайберген Әрінов пен ішкі істер органдарында 17 жылдай қызмет атқарып, жұбайымен алты бала тәрбиелеп отырған патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция капитаны Сұлтанхан Қазанғаптың да еңбектері ескерілді.
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы тәртіп сақшыларын көптен күткен қоныс тойымен құттықтап, азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың қорғалуын қамтамасыз етуде әрбір полиция қызметкерінің атқаратын жұмысының маңыздылығын айтып өтті.