Елордалық 50-ден астам ғалым Еуропа мен АҚШ-та тағылымдамадан өтіп жатыр
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 52 ғалымы Еуропа мен Американың жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуде. Зерттеушілер «500 ғалым» бағдарламасы бойынша халықаралық тәжірибені зерттеуге және шетелдік әріптестерімен ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік алды, деп хабарлады Elorda.info.
Солардың бірі ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы Ғазиза Елібаева Франциядағы Пол Сабатье университетінің Информатика ғылыми-зерттеу институтында тәжірибе алмасуда. Жас ғалым өткен жылдың қараша айынан бері шетелдік әріптестерінің тәжірибесін зерттеп, өзінің алған білімін ғылыми ізденістеріне қолдануды жоспарлап отыр.
Қазір мен ұлттық және аймақтық деңгейдегі ІТ ландшафт зертханасы мен әлемдік цифрлық қосымшалардың жұмысын зерттеп жатырмын. Ғылыми тағылымдама менің ғылыми идеяларымды жүзеге асыруға, ғылыми зерттеулердегі халықаралық тәжірибемен танысуға, ғылыми әлеуетімді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл адамның ғылым әлемінде одан әрі дамуына оң әсер етіп қана қоймай, оның жеке тұлғалық өсуіне тәжірибе ретінде қызмет етеді, - деп атап өтті ЕҰУ Жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Ғазиза Елібаева.
Ғазиза Елібаеваның зерттеулері қазақ тілінің синтаксистік құрылымын қалыптастыруға және компьютерлендіруге бағытталған. Ғалым меңгерген жаңа құзыреттерін «Қазақ тіліндегі пәндер бойынша интерактивті түрде оқытуға, кеңес беруге және білімді бағалауға қабілетті смарт оқулықтарды қалыптастыру технологиясын жасау» ғылыми жобасында қолдануды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, ЕҰУ ғалымдары мемлекеттік қолдаудың арқасында Иллинойс университеті, Йорк университеті, Кембридж университеті, Дрезден университеті, Джордж Вашингтон университеті және тағы басқа әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында біліктілігін арттыруда. Тағылымдама мерзімі 6 айдан бір жылға дейін созылады.