Елордалық жас отбасыларға семинар-тренинг ұйымдастырылды
Астанадағы №58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназияда жас отбасылар үшін «Отбасы – бақыт мекені» семинар-тренингі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шарада мамандар жас жанұяларға шаңырақ құндылықтарын насихаттап, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас, бала тәрбиесі жөнінде түсіндірді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, осы мақсаттағы іс-шаралар аясында бес семинар-тренинг өтпек.
«Семинар-тренингті өткізу үшін мектепті таңдауымыздың себебі бар. Осы арқылы біз мектеп оқушылары және олардың ата-аналарымен бірлескен жұмыс жүргізіп, отбасылық құндылықты насихаттамақпыз. Сонымен қатар, Отбасы күніне орай ай бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Іс-шараларға елімізге танымал қайраткерлер мен мамандарды тартып отырмыз. Бүгінгі семинар-тренингті отбасылық психолог, Астана қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері бойынша комиссияның мүшесі Ақгүл Молдабекова мен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы өткізіп отыр», - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, «Отбасы – бақыт мекені» жобасының меңгерушісі Балжан Қолғанат.
Оның айтуынша, семинар-тренинг жыл сайын өтеді, бүгінде дәстүрге айналған. Ол, сондай-ақ, осыған дейін студенттер арасында репродуктивті денсаулық тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара да сәтті өткенін айтты.
«Отбасы, ондағы ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі қандай? Ер отбасының асыраушысы, қорғаушысы, панасы болу керек болса, от анасы иманын, арын, ақылын, баласын, малын сақтайтын шаңырақтың ұйытқысы болуы керек. Әркім отбасындағы өз міндетін білу үшін де білім қажет. М.Әуезовше айтсақ, «Бір іске бейімделу үшін бірінші ниет, екінші күш, үшінші тәртіп керек». Бұл жерде «күш» деп отырғанымыз – білім. Ұйыған жанұя болу үшін әр адам өз жанының қалауын түсініп, өзін танып қана қоймай, отбасылық қарым-қатынас орната білгені жөн. Өкінішке қарай, мұны ұл-қыздың үйінде айтпаса, оқу орындарында айтпайды. Сондықтан біз бұған үлес қоспақпыз. Жас жұбайлардың білімдерін одан әрі толықтыру үшін осындай іс-шара ұйымдастырып отырған әкімшілікке де ризашылығымды білдіремін», - деді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Аталған семинар-тренингке №58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназиясында 1-сыныпта оқып жатқан оқушылардың ата-аналары қатысты.
«Бүгінгі семинар-тренингке 20-дан астам отбасы қатысып отыр. Олар – 1-сынып оқушыларының ата-аналары. Отбасы институтын дамытуға бағытталған жас отбасыларға арналған іс-шара өз нәтижесін береді деп сенеміз. Сонымен қатар, мектебіміздегі былтыр Білім басқармасының ұсынысымен ашылған «Ата-аналарды қолдау орталығы», «Әкелер», «Әжелер» клубы жұмыс істейді. Бұл да белгілі бір деңгейде бала тәрбиесімен жұмыстың сапасын арттыруға үлесін қосып келеді», - деді №58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұғман.
Оның айтуынша, мектепте 2 170 оқушы бар. Биыл 1-сыныпқа 190 оқушы қабылданыпты.