00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық Музыкалық жас көрермен театрының V маусымы ашылды

5 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Елордалық Музыкалық жас көрермен театрының V маусымы ашылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Музыкалық жас көрермен театрында V театр маусымының ашылу құрметіне әртістер қызыл кілем үстімен жүріп өту жоралғысын жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған театр жас та болса, 5 жылдың ішінде бірталай биіктерді бағындырды. Ең үздік қойылым номинациясына байланысты «Гауһартас» спектаклі «Ұмай» ұлттық сыйлығына ие болды. Ал  «Тикитон» өзінің арнайы  «Жылдың үздік қойылымы» деген номинациясын ұсынған болатын.

 «Осыған дейінгі мақсатымыз да, 5-маусымдағы ұстанған мақсатымыз да сол - елордалық көрермендерге, қала қонақтарына, жалпы, өскелең ұрпаққа ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, солайша олардың бойында эстетикалық таным-тағылымды қалыптастыру. Соңғы 4-маусымға еш өкпеміз жоқ. Өткен маусымда көрерменге 341 қойылым көрсетіліп, 91000 мыңнан астам көрермен сол қойылымдарды тамашалады. Меніңше, 200 орындығы бар театр үшін үлкен көрсеткіш болып есептеледі. Егер бір жылда 365 күн болса, біз 341 күнде спектакль ойнаған болып саналамыз. 

Биылғы жылдың өзінде де маусым аяқталар тұста су тасқынына ұшыраған аймақтарда болдық. Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, Қаныш Сатбаевтың 120 жылдығы болды. Осы тұлғаларымыздың туған топырағына бардық. 5-маусымда да гастрольдік сапарларымызды жаңғыртқымыз келеді, - деген Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров өнер ұжымның алдағы жоспарларына тоқталды.

Самал Еслямова, Асылхан Төлепов сияқты әрісі әлемге, берісі елімізге кең  танымал актерлар бастаған өнер жұлдыздары қызыл кілемнен жүріп өткен соң,  V театр маусымының ашылу рәсімі «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен жалғасын тапты. 

Театр басшылығының айтуынша, мұның да өз себебі бар. Себебі «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен  ең алғашқы маусым шымылдығы ашылған болатын. Содан бері бұл дәстүрге айналыпты. Бұл қойылыммен маусым жабылады да. 

 «Ұлы тұлғалардың рөлін сомдау кез келген актердің бақыты деп ойлаймын. Менің бағыма Абай атамыздың бозбала шағын сомдау бұйырыпты. Өмірде болған тұлға болғасын, ол рөлді ойнау қиынырақ.  Шығарманы оқып, талдағанда елестетіп отырасың. Өз басыңнан өткен сезіммен ұқсастық іздеп табасың. Сенің басыңнан өткен сезім, Абайдың да басынан өтуі мүмкін. Кейіпкеріңнің сөзі өз жүрегіңнен шыққандай айтылса, сонда ғана шынайырақ шығады. Жалпы, Абайдың рөлін ойнау - үлкен жауапкершілік. Оны әр сахнаға шығарда жан-жүрегіммен сезінемін» , - деп аталған қойылым туралы, ондағы өзінің сомдайтын рөлі туралы  жүрекжарды пікірімен бөлісті театр актері Дінислам Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, театр өнер әлемінде ғана үздік емес, сонымен бірге 15 жұп бас қосқан үлкен шаңырақ ретінде де ерекше.