Елордалық филармония қызметкерлері ұлттық ойындардан сайысқа түсті

20 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордалық филармония қызметкерлері ұлттық ойындардан сайысқа түсті
фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін елордада Ұлттық спорт күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында ұлттық спорт пен дәстүрлі ойындарды дәріптеуге арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара аясында филармония қызметкерлері «Асық ату», «Арқан тартыс», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі», «Бестас» сияқты ұлттық ойындар бойынша сайысқа түсті.

«Бүгін филармония ұжымы Наурызнама тұжырымдамасы бойынша Ұлттық спорт күніне орай ұжым арасында сайыс ұйымдастырып отырмыз. Шараға «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының «Ақ кимешекті киелім» аналары арнайы қатысып отыр. Әжелеріміздің бірі ұжымдағы қыз-келіншектерге алаша тоқу, ұршық иіру әдістерін көрсетсе, енді бірі ою пішу тәсілдерін үйретуде. Тіпті үйден наурыз көжесін дайындап келген әжеміз де бар»,- дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Арайлым Рахымқызы.

Мерекелік шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғыртуға, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық ән» бөлімінің әншісі Нұрай Танабаев бүгінгі шара тек спорттық жарыс қана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделгенін атап өтті.

«Бүгін біз ұжым болып ұлттық спортты ұлықтауға арналған мерекелік шараға қатысып отырмыз. Бұл тек жарыс қана емес, жалпы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналды. Жуырда Ұлттық киім күнін де атап өттік. Филармониядағы 13 ұжымның барлығы қатысып отыр, соның ішінде халық ән бөлімінің қыз-жігіттері де атсалысуда»,- дейді «Халық ән» бөлімінің әншісі Нұрай Танабаев.

Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі бойынша 20 наурыз «Ұлттық спорт» күні болып белгіленді.