Елордада «Үздік жас отбасы» байқауы өтті

Астана әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – отбасы және неке институтын нығайту, ерлі-зайыптылардың ата-аналық жауапкершілігін арттыру, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осымен алтыншы рет өткізіліп жатқан сайысқа 80-нен астам өтінім түскен. Үш кезеңнен тұратын байқауда ұландық музыканттың отбасы өнегелі жанұя санатына енді.
Негізгі кезеңде Ұлттық ұдан Үлгілі-көрсетімді оркестрінің аға нұсқаушысы ефрейтор Дәурет Мұхамадиевтің келіншегі Гүлбақыт Мұхамадиева шертер аспабымен «Балапан қаз» әнін орындаса, 1-ші сыныпта оқитын қызы Фатима Абайдың «Күз» өлеңін мәнерлеп оқыды. Ал әскери қызметші көпшілікке оркестрдің сүйемелдеуімен «Seven Nation Army» шығармасын тарту етті. Сондай-ақ жұбайымен бірге «Әдемі», «Жаса Қазақстан» әндерін шырқады.
Алғашқы турдан сүрінбей өткен 30 отбасы келесі кезеңде интеллектуалдық қарым-қабілеттерін танытты. Қазақша квиз, викториналық-ситуациялық сауалдарға нық жауап берген Мұхамадиевтер отбасы «Интеллектуал отбасы» номинациясында үздік танылды.
«Бұл сайыс ерлі-зайыптыларды бірлікке шақырып, балаларға дәстүрді сақтау мен бір-бірін қолдаудың маңызын көрсетеді. Біз мұндай байқауға бірінші рет қатысып тұрмыз. Байқау арқылы отбасымыз жақсы команда екенін көрдік», - деді Даурен Мухамадиев.