Елордада үздік жас ақындар марапатталды
«Тіл – халық мұрасы» атты Қазақстан халқы тілдерінің қалалық фестивалі аясында «Өлең – сөздің патшасы» атты ақындар мүшәйрасы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған өлең-жыр додасына белгілі ақындар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, поэзия кешінің негізгі мақсаты – елордадағы жазба ақындардың ана тілі туралы жырларын көпшілікке таныту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Жыр бәйгесінде елордалық үздік 14 ақын өз шығармашылығын дүйім жұртқа паш етті. Олардың қатарында – Олжас Қасым, Батырхан Сәрсенхан, Ботакөз Мұхиден, Біржан Ахмер, Арман Шеризат, Айдана Сегізбаева, Бекзат Құлшар, Дәулет Телман, Айдын Байыс, Аян Мейраш, Алпамыс Файзолла, Айзада Рақымжанова, Абзал Мақаш және Ажар Ерболған болды.
Оқылған өлеңдердің арасынан ең үздіктерін анықтау үшін кеште ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ЕҰУ қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы және ақын, әдеби «Алаш» сыйлығының иегері Танакөз Толқынқызы қазылық етті.
Бүгін өзі бұл мүшәйраға ылғи мықтылар жиналған екен. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, өлеңнің тақырыбына, мазмұны мен құрылымына қарап, арасынан үздіктерді анықтауға тырыстық.
Жарыстың шарты солай, дегенмен ақындардың барлығы да – бүгінгі жаңа қазақ поэзиясының қаймақтары. Бірінен бірін оздыру өте қиын. Сондықтан бүгін жүлде алмағандар алда талай жарыстарда бас бәйгені аларына шүбә жоқ.
Бүгін өлең жеңді, қазақтың тілінің мәртебесі асқақтады, - деді С.Дүйсенғазы.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жас ақын Айзада Рахымжановаға берілді.
Бірінші орын ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Ажар Ерболған иеленді.
Екінші орын 100 мың теңге сыйлығымен жас ақын, республикалық мүшәйралар мен айтыстардың жеңімпазы Айдана Сегізбаеваға табысталды.
Үшінші орынға халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломаты Аян Мейраш лайық деп танылды.
Сонымен қатар ынталандыру сыйлығына дарынды ақындар – Алпамыс Файзолла, Ботагөз Мұхиден, Бекзат Құлшар, Олжас Қасым ие болды.
Райхан РАХМЕТОВА