00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес

26 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес
фото: Оңалхан Өнерхан

Осы аптада тәулігіне 48-ге жуық жағдай тіркелді. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Жыл басынан бері елордада қызылшаның 1029 бастапқы және 321 расталған жағдайы тіркелді.  Оның ішінде – 14 жасқа дейінгі балалар арасында 227 жағдай.

Науқастардың 68 пайыздан астамы бұрын қызылшаға қарсы екпе алмағандар, бұл инфекцияның елордада  кеңінен таралуына әкеледі.

Соңғы аптада қызылша ауруының көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,1 есеге  өсті. Өткен жаңа жылдық мерекелер кезінде әлеуметтік қарым-қатынастың артуына байланысты ересектер арасында 49-дан 71 жағдайға дейін өсу байқалды. 

Қазіргі уақытта желтоқсан айымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі балалар мен 3 жастағы балалар арасында керісінше сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Мәселен, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы тиісінше 14 пайыздан 8 пайызға дейін және 3 жастағы балалардың үлес салмағы тиісінше 22 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Көрсетілген жас аралығындағы сырқаттанудың  төмендеу себебі бұл қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі. Яғни, вакцинацияның тиімділігін жоққа шығару мүмкін емес. Келтірілген фактілер осының айғағы, - деді Сархат Бейсенова.