Елордадағы №2 емхана филиалында арнайы қан тапсыру пункті ашылды


№2 қалалық емхананың филиалында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының жаңа қан тапсыру пункті ашылды. Енді оң жағалаудың тұрғындары сол жағалауға бармастан, қан тапсыра алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл -донорлық қозғалысты дамыту және пациенттер үшін қан қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам.
Пункт әдеттегідей лентаны кесу салтанатты рәсімінен басталды. Іс-шараға Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова; Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова; мәслихат депутаты, ДСМ госпиталінің директоры Динара Оразалина; №2 қалалық емхананың директоры Айдын Әшімханов және т.б. қатысты.
Донорлық - әрдайым қажет болатын көмек
Күн сайын Астана қаласының ауруханаларында ондаған пациент қан құюды қажет етеді: ЖКО-дан зардап шеккендер, босанатын әйелдер, онкологиялық науқастар, ауыр дертке шалдыққан адамдар. Қан қоры үнемі толықтырылғаны жөн, алайда оң жағалаудыңтұрғындары қан орталығына бару үшін бұрын 1,5 сағатқа дейін уақытын жұмсаған.
«Жаңа пункт процесті ыңғайлы етіп, көптеген адамдарды тартады деп үміттеміз. Енді оң жағалаудың тұрғындары үйге жақын жерде қан тапсыра алады, ал емхана пациенттері дәрігерге барған кезде донорлық қозғалысқа қосыла алады. Бұл аса маңызды қадамның бастамасы ғана, болашақта донорлықты барынша қолжетімді ету үшін қаланың басқа аудандарынан да жаңа қан тапсыру орындарын ашу жоспарымызда бар», -деді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова.
Ол, сондай-ақ, адамдар үшін ыңғайлы қан тапсыру пункттеріне сұраныс артатын болса, желіні кеңейту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Енді Астанада екі қан тапсыру пункті бар Бұрын донорлар қанды қан орталығының сол жағалаудағы негізгі ғимаратында ғана тапсыра алатын (Керей, Жәнібек хандар көшесі, 10). Енді олар таңдау жасай алады – себебі оң жағалаудағы № 2 емхана филиалындағы жаңа пункт бар (Ә. Молдағұлова көшесі, 33).
«Бұл, әсіресе, оң жағалаудың тұрғындары үшін өте ыңғайлы, енді олар жолға уақыт кетірместен, қан тапсыратын орынды таңдай алады. Бұл қадам донорлардың санын арттырып, ауруханалар үшін қажетті қан қорын жылдам толтыруға мүмкіндік береді», - деді Сәния Әбдірахманова.
Емханада неліктен пункт ашылды – бұл ыңғайлы ма?
• Уақытты үнемдеу – қанды жолға көп уақыт жұмсамай-ақ, тапсыруға болады.
• Донорлардың санын көбейту – донорлыққа көп адам қатыса алады.
• Қан қорын жылдам толтыру – ауруханалар қажетті қанды шұғыл түрде алатын болады.
• Донорлық мәдениетін дамыту – пациенттер мен емханаға келушілер донор болу туралы ойлана бастайды.
• Негізгі қан орталығының жүктемесін азайту –донорлық ағындар қайта бөлінеді, бұл жүйенің жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді.
«Пункті емханада орналастыру донорлар үшін ыңғайлы және жаңа қатысушыларды тартудың мүмкіндігі ұлғая түседі. Қабылдауға келген пациенттер донорлық туралы ойланып, оған бірден қатыса алады. Бұл Астанада донорлық мәдениеттін дамытуға деген маңызды қадам», - деді №2 қалалық емхананың директоры Айдын Әшімханов.
Ауруханалар күн сайын қанға мұқтаж болады
«Медициналық мекемелерді қамтамасыз ету үшін күн сайын 80 доза эритроцит, 70 доза плазма және тромбоциттердің 30 дозасы қажет. Бұл Астананың өзін ғана алғанда, күніне кемінде 150 донор, ал республика бойынша – шамамен 1000 донация», - деді Сәния Әбдірахманова.
Ол донорлардың 30%-ы өз еркімен, ал қалғандары шақыру бойынша келетінін және Орталықтың кол-орталығы күн сайын қан тапсыруды еске салу үшін 1000 адамға дейін қоңырау шалатынын атап өтті.
«Донорлардың өз еркімен және тұрақты түрде келгені аса маңызды. Қан ТЖ ғана емес, күн сайын қажетті емдік құрал: перзентханаларда, реанимацияларда, онкологиялық бөлімшелерде. Мереке күндері адамдар бұл туралы ұмытып кетеді, алайда ауруханалардағы науқастар өмір үшін күресуді күн сайын жалғастыруда. Жаңа пунктті ашу бізге кез келген уақытта дайын болуға жәрдемдеседі», - деп қосты.
Донорларға – ыңғайлық, пациенттерге - өмір сүру мүмкіндігі
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемқызы мынаған назар аударды:
«Астанада Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ашылғаннан бері қан тапшылығы жағдайлары болған емес. Бұл ауқымды жұмыс пен донорлар көрсеткен қолдаудың нәтижесі. Жаңа пункт оң жағалауда ашылған соң, донорлық одан да қол жетімді болады. Осы ізгі іске көп адам қосылатынына сенім артамын», - деді ол.
Жаңа пункттің алғашқы доноры: «Қанды тапсыру одан да оңай болды»
Жаңа орында қан тапсырған алғашқылардың қатарында тұрақты донор Бекназар Қазиев болды, ол үшін бұл 68-ші донация.
«Мен қанды үнемі тапсырамын, бірақ сол жағалауға бару үшін біраз уақытым кететін. Оң жағалауда жаңа пункт ашылып жатқанын білген соң, бірден келдім. Енді донорлық біз үшін ыңғайлы болды», - деп бөлісті ол.
Неліктен бұл маңызды? Донорлық қан ауыр жарақаттарына шалдыққан, күрделі операциялардан кейінгі пациенттерге, қан ауруларыкезінде және басқа да төтенше жағдайлар кезінде қажет. Бір донация үш адамның өмірін сақтап қала алады.
Кімдер донор бола алады?
✔ Жасы 18-ден асқан
✔ Салмағы 50 кг және одан жоғары
✔Қарсы көрсетілімдері (созылмалы аурулар, инфекциялар, жақында болған операциялар және т.б.) жоқ адам.
Донорға берілетін кепілдіктер
✔ Қан тапсырған күні жұмыстан босату (жалақыны сақтай отырып)
✔ Қосымша демалыс күні (жеке немесе еңбек демалысына қосуға болады)
✔ Адам өмірін сақтау мүмкіндігі.
Қауіпсіз процедура: стерильді және бір рет қолданылатын құралдар пайдаланылады, барлық санитариялық нормалар сақталады.
Қанды №2 қалалық емхананың филиалында дүйсенбі-жұма күндері сағат 8:30-дан 17:00-ге дейін тапсыруға болады (Ә. Молдағұлова көшесі, 33).
Донорлық - бұл адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі. Донорлардың қатарына қосылыңыз!