Елордада өткен дөңгелек үстел басында әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігі талқыланды
Астанадағы Достық үйінде «Зорлық-зомбылықсыз өмір» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шарада еліміздің мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Олар зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған шаралар, сондай-ақ заңнамалық деңгейде қабылданған жаңашылдықтар мен олардың қоғамда қалай жүзеге асырылып жатқандығын ортаға салды.
Дөңгелек үстелді Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Баян Жалмағанбетова ашты.
«Мемлекет тарапынан зорлық-зомбылыққа қарсы күресті арттыру үшін маңызды шаралар қолға алынды. Біріншіден, құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілді. Полиция қызметі зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарламаны қатаң тексеріп, іс-шараларды уақытында қабылдайды. Соның ішінде сот шешімдерін шығару, жәбірленушіні қауіпсіз жерге орналастыру, полицияның тұрақты бақылауымен қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты құқықтық тетіктер бар. Екіншіден, зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында арнайы дағдарыс орталықтары мен кеңес беру пунктері іске қосылды. Бұл орталықтар жәбірленушіге медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп, уақытша баспанамен қамтиды», - деді Баян Жалмағанбетова.
Қаладағы зорлық-зомбылық түрлері және олармен күресу жолдары туралы Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасының инспекторы Жанар Молдабаева айтты. Оның сөзінше, құзырлы органның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарына қарамастан, соңғы 3 жылда отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс көрсеткіші өсіп отыр.
«Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 102 арнасына отбасылардағы жанжал, күш көрсету жөнінде азаматтардан 8 606 шағым түскен. Отбасылық-тұрмыстық қылмыс өршуі себептерінің бірі – алкогольдік ішімдік. Бұл тарапта алкогольді өнімдерді түнгі уақытта сатуды шектеу, қоғамдық орындарында мас күйінде жүруге тыйым салу сияқты алдын алу іс-шаралары қолға алынуда. Сондай-ақ араққұмарлық пен есірткіқұмарлықтан күштеп емдеуге басымдық беріп отырмыз. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстың алдын алуға пәтер иелері кооперативі мен тұрғындар да тартылып жатыр.
Көбіне әйелдер қорлық көріп жүргендерін соңына дейін айтпайды. Басындағы жағдайын полициядан жасырып жүре береді. Апталап, айлап шыдауы мүмкін, бірақ кей жағдайда мұның арты қайғылы оқиғамен аяқталуы ықтимал. Бұл тарапта біз үкіметтік емес ұйымдарды ортақ іске тарта отырып, жәбірленушілерге психологиялық жәрдем көрсету үшін іс-шаралар өткіземіз. Сондай-ақ жергілікті полицейлердің жұмысы жіті қадағаланып отыр», - деді Жанар Молдабаева.
Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы Әділ Қадырдың баяндамасынан соң, дөңгелек үстелдің қатысушысы журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт бұл тақырыпты өзінің басынан өткен жағдаймен байланыстыра талқылады. Бірақ ол өзіне көрсетілген сталкинг, киберсталкингтен өзінің өжет мінезі, журналистік біліктілігі, заңды білетіндігімен ғана шыққанын айтты.
«Ал сауатсыз, үйде отырған әйелдер не істейді? Ерлі-зайыптылардың арасындағы мұндай жағдайға полициядағы ер азаматтар «екеуара болады, қазір ұрсып, қазір татуласады ғой деп қарайды. Егер адам «Қорғау нұсқаулығын» бұзса, ол жабылу керек. Екінші рет бұзса, одан да көп тәулікке жабылады. Бұл жердегі мәселе адамның сауаттылығында, өзін-өзі қорғай білуінде болып тұр.
Мен осы сталкинг және киберсталкинг деген мәселені өзімнің басымнан өткен соң айтып отырмын. Былтыр Бас прокуратура сталкинг және киберсталкинг терминдерін қылмыстық кодекске енгіземіз депті. Мұны қазір Мәжілісте талқылап жатыр. Осыны жыл соңына дейін қабылдауға әрекет етсеңіздер. Сталкингке ұшыраған әйел оның сталкинг екенін де білмейді. Ал киберсталкингте қастандық жасағысы келген адам жалған аккаунт ашып алып, өзінің жәбірленушісін масқаралайды. Атына кір келтіретіндей, абыройына нұқсан келтіретіндей сурет қояды. Бірақ мұндай қылмысты ашу, тіптен, қиын. Бұл екеуін тоқтатпасақ, ол жағдайды насырға шаптырады. Себебі бәрі қудалаудан басталады. Ал бізде ондай бап жоқ. Сондықтан осы екеуін қылмыстық кодекске енгізу керек», - деген ұсыныс берді Дана Нұржігіт.
Бұдан соң Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығы директорының орынбасары Айгүл Шамшатова орталық жұмысы туралы ақпаратты бөлісті. Өз жұмысын 2013 жылы бастаған орталық осыған дейін 50 адамға шақталған босла, биылдан бастап төсек орын саны 70-ке дейін көбейтілген. Орталыққа 18 жастан 58 жасқа дейінгі жәбірленушілер 1 айдан 6 айға дейін қабылданады. Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева комиссия жұмысы туралы айтты. Дөңгелек үстелді Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Баян Жалмағанбетова түйіндеді.