Елордада тарихымызға қатысты Ираннан әкелінген құжаттар таныстырылымы өтті
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Қазақ тарихы парсы және араб деректері негізінде» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Шараның мақсаты – ҚР Үкіметінің 2019 жылы бекітілген «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары аясында атқарылған жұмыстарды насихаттау. Әсіресе, отандық және шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалардан және ғылыми орталықтардан әкелінген еліміздің тарихына қатысты құжаттар мен материалдардың көшірмелерін таныстыру.
Күні кеше ғана ғылыми қызметкерлеріміз Иранға барып ұлттық кітапхана, архив, ғылыми және қолжазбалар орталығында жұмыс істеп, құнды дүниелерді әкеліп отыр. Бұл – оңай шаруа емес. Өйткені басқа елде көп жерлер жабық. Мәдениет министрлігі, Сыртқы істер министрлігі арқылы байланысқа шығу арқылы, сондай-ақ мамандарымыздың парсы тілін жетік меңгергенінің арқасында жырақта ауқымды іздеу-зерттеу жасалды. Нәтижесінде 50 сирек кездесетін қолжазба анықталып, оның 12-сі орталыққа әкелінді. Барлығы парсы тілінде. Бұлар бүгінде өз тілімізге аударылып жатыр. Әкелінген қолжазбалардың қай-қайсында да қазақтың тарихына қатысты құжаттар немесе бізден шыққан ғұламалар еңбектері я еліміз туралы жазған өзге ұлттың ғұламаларының жазбалары бар. Мұнда мәдениет, тарих, саясат – барлық сала қамтылған, - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директоры Жандос Болдықов.
Орталық директорының айтуынша, бұл маңызды сапарға елімізден салалас 5 мекеме барған. Жалпы саны 7 мыңға жуық құжат әкелінген. Жандос Болдықов ендігі мақсат – құжаттарды әкеліп қана қоймай, оларды ғылыми айналымға енгізу екенін айтты.
Әкелінген деректер мен тарихнамалық еңбектердің, сирек кітаптардың орны өте ерекше. Себебі әрбір мемлекеттің басты төлқұжаты, картасы, ұлттық коды - осы қолжазбалары. Ал бұл құнды деректер кезінде шашырап қалған. Біздің бірінші астанамыз – сонау Орынбор қаласынан Қызылордаға көшірілген кезде кітаптарымыздың жоғалып, кейбіреулері Мәскеуге өткізіліп жіберілгені белгілі. Мұны қалпына келтіру тәуелсіз еліміз үшін аса қажет. Енді ғылыми жұмыстарды жазғанда осы кітаптарды пайдалану керек. Солайша құнды дүниелеріміз ғылыми айналымға енбек, - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Зада Дүкенбаева.
Аталған іс-шараға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ғалым-профессорлары, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өкілдері, араб-парсы тілдері мамандарымен қоса, Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшісінің кеңесшісі және мәдени өкілдігінің басшысы Али Акбар Талеби Матвин мырза қатысқан болатын.
Біз Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігімен, әсіресе осы орталықпен жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Осы уақытқа дейін мұнда ирандық қолжазба мамандары тарапынан бірнеше кезең бойына қолжазбаларды қайта қалпына келтіру курстары өткізілген болатын. Сондай-ақ келер айларда Қазақстанның елордасында қолжазбаларды қайта қалпына келтіру және каллиграфия бойынша тағы да бір оқыту кезеңін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұған қоса тілдік курстарды ұйымдастырмақпыз. Бұл өз кезегінде тарихи қолжазбаларды оқуға үлкен септігін тигізері анық.
Иранның қолжазбаларды қайта қалпына келтіру және қолжазбаларын сақтау бойынша үлкен тәжірибесін пайдалана отырып Қазақстанның бұрынғы тарихын қайта жаңғыртуына үлес қосатын боламыз. Сөйтіп, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетінімізге сенеміз, - деді Али Акбар Талеби Матвин мырза.
Дөңгелек үстелде бұдан басқа қалпына келтіру саласындағы мәселелер талқыланды. Осы орталықтың қызметкері Сырым Ботабеков Иран сапарындағы іс-тәжірибесімен егжей-тегжейлі бөлісті.