Елордада қоқыс шығаратын 95 арнайы техника сатып алынды
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Биыл жазда елордамыздың бес ауданы үшін жеке қоқыс шығару ұйымын анықтауға арналған байқау өткізілді. Нәтижесінде тұрғындардан қоқыс шығаруға жауапты төрт компаниямен келісімшарт жасалды. Олардың қаражатына 95 бірлік жаңа техника және 2018 жылы орнатылған ескі және тозған контейнерлерді жаңарту мен ауыстыру үшін шамамен 15 мың контейнер сатып алынды», деп жазды Ерлан Каналимов.
Мәслихат төрағасының жазуынша, биыл бюджет қаражаты есебінен 3 700 контейнер сатып алынған.
«Бұған қоса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл 3 700 контейнер алынды. Дегенмен, тағы 10 мың контейнерге қажеттілік бар. Осыған байланысты, қоқыс шығару компанияларымен жасалған келісімшарттарға сәйкес, жылына кемінде 1000 контейнер сатып алу көзделген»,- деп жазды ол.