00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада мешіт жанынан жанұялық кеңес беру орталықтары ашылады

14 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада мешіт жанынан жанұялық кеңес беру орталықтары ашылады
фото: Діндерді зерттеу орталығы

Астанадағы Достық үйінде әртүрлі діни ұйым өкілдері жиналып, отбасылық құндылық тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Жиынға қатысушылар кез келген адамның қоғаммен араласуы, еңбек етуі, іс-әрекеті мен мінез-құлқының мәні отбасыға келіп тірелетіндігіне тоқталды.  

Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов дөңгелек үстел жиына қатысып, әлеуметтік тақырыпқа байланысты пікірін білдірді. 

Біз еліміздің болашағы жастар дейміз. Бірақ сол жастар қандай отбасыда тұрып жатыр? Осы сауалға көбіміз ойлана бермейміз.  Бірақ, бұл нақты назар аударатын мәселе деп ойлаймын. Бүгінгі жиынның өзі Достық үйінде өтіп тұрғаны ынтымақтастық пен татулықтың белгісі ретінде таңдап алынған болатын. Осы жерде талқыланатын мәселер іс жүзінде жүзеге асатынына сенімдімін. Біздің барлығымыз жүрген ортамызда отбасылық құндылық туралы айтып жүрсек, жастар арасында отбасылық құндылық туралы жағымды пікірлер нығая түседі,- деді басқарма басшысы. 

Қазақстандағы қоғамдық даму институтының мәліметінше, елімізде некеге тұру саны төмендеп кеткен. Ал отбасы құрған екі жастың бірге өмір сүру ұзақтағы 4 жылға дейін ғана созылады. Мұндай сандық деректерді  Діндерді зерттеу орталығының дінтанушысы Айнагүл Райымбек ортаға салды. 

Біздің мақсатамыз отбасылық құндылық тақырыбын талдап қана қоймай, қажетті шешім шығару. Осы орайда тақырыбымызға байланысты Қазақстандық қоғамдық даму институты ұсынған сандық деректермен бөліскім келіп отыр. Мәселен 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі аралықта елімізде некеге тұру саны төмендеген. Ал ажырасу бойынша бұрын некеде болу ұзақтығы 5-10 жыл аралығында болса, 2020 жылдан бері ол  1-4 жыл аралығы болып өзгерді. Азаматтық неке бойынша сауалнамаға қатысқандардың ойы 3-ке бөлінген. Бірі оны қолдаса, екіншісі мұндай некені қолдамайтынын жеткізген. Үшінші тарап болса, азаматтық негеге бейтарап қарайды. Бұл статистика елімізде отбасы институтының сапасы нашарлап кеткенін көрсетеді,- дейді Айнагүл Райымбек.

WhatsApp Image 2023-09-14 at 15.02.52 (2).jpeg

Жиынға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсупов те қатысты. Оның сөзінше, елордада мешіт жанынан жанұялық кеңес беру орталықтары ашылмақ.

Өкінішке орай, біздің қоғамда отбасылық мәселе шегіне жетті деп айтар едім. Отбасы құру артынан көп ұзамай ажырасу салу қазір оңай сияқты.  Бүгінгі тақырыбымызға байланысты Қазақстан дін істері басқармасының істеп жатқан бірқатар шаралары туралы айта кетейін.  Мысалы, биыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы болып бекітілді.  Астанада үлкен мешіттердің жанынан жанұялық кеңес беру орталықтары ашылады. Қазір бұл бастама бойынша  жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мешіттерімізде апталық талқыланатын тақырыптар бар. Олардың ішінде жанұялық құндылық мәселелері көтеріледі,- дейді Ерболат Жүсупов.

WhatsApp Image 2023-09-14 at 15.02.52 (1).jpeg

Жиын барысында өзге де діни ұйымдардың өкілдері отбасы тақырыбына байланысты тұщымды пікірлерін ортаға салды.