Елордада медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселелері талқыланды
Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елордалық мәслихаттың қабырғасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Гүлжан Шайхықбекованың Астанадағы медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселелері бойынша есебі тыңдалды. Баяндамада кредиторлық қарыздар, кеңес беру-диагностикалық қызметтерді шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ жастарға арналған денсаулық сақтау және стоматологиялық орталықтарды ұйымдастыру секілді өзекті мәселелер көтерілді. Қор басшысының мәліметінше, медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмек үшін төлемдердің 87%-ы қазіргі таңда өтелген. Алайда, қараша айындағы техникалық қиындықтарға байланысты 8 медициналық ұйымға төлемдер жақын күндері жүргізілмек,- деп жазды Ерлан Каналимов.
Мәслихат төрағасының сөзінше, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін өтініштер саны 76 пайызға төмендеген.
Желтоқсан айына арналған алдын ала төлемдердің 70%-ы бүгіннен бастап төленеді. 2023 жылмен салыстырғанда, шағымдар саны 5%-ға, ал жалпы өтініштер саны 76%-ға төмендеген. Мәслихат тарапынан төлемдердің жүйелілігін ерекше бақылауға алуға және проблемалық ұйымдарға қатысты егжей-тегжейлі талдау дайындауды тапсырдым,- деп жазды Е.Каналимов.