Астаналық сарбаз ерекше қамқорлығымен көзге түсті
5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаз, қатардағы Жантас Аңсар ҰҚШҰ саммиті кезінде 300-ге жуық азаматқа көмектескен, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тайғақ жерде азаматтардың құлап қалмауы, жарақаттанбауы үшін ол әрқайсысына көмектесіп тұрған.
«Саммит кезінде күшейтілген режимде қызмет атқардық. Сол кезде балалар, қарт кісілердің тайғақ жерден әрең өтіп жатқандарын байқап қалдым. Әсіресе балалар, әйел кісілер мен қарт кісілерді қолдау артық болмас деп ойладым. Екі күн қатарынан сол жерде қызметте тұрып, тұрғындарға көмектестім. Менің орнымда болған әр азамат дәл осылай жасайтын еді деп ойлаймын», - деді ол.
Осылайша екі күн қызметінде шамамен 300-дей азаматқа көмегін тигізген Жантас әлеуметтік желіде жұлдызға айналды. Халықтың ерекше ілтипатына бөленген сарбазға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков 10 күндік демалыс жариялады. Кейін ол Павлодар қаласындағы жақындарына кетті.