Астанада экологиялық айлық 13 қыркүйектен басталады

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең көлемді экологиялық акция аясында елордада 13 қыркүйектен 11 қазанға дейін дәстүрлі «Таза Қазақстан: Таза Астана» экологиялық айлығы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айлық барысында қала аумағын қоқыстан тазарту, саябақтар мен гүлзарларды, аулалар мен сауда орындарын, қоғамдық тамақтану нысандарын және өзге де ұйымдарға іргелес аумақтарды жинау жұмысы жоспарланған.
Экоайлық барысында елорданың алты ауданында ағаш отырғызылады. Әкімдік барлық қала кәсіпорындарын, ПИК (МИБ), шағын және орта бизнес өкілдерін, волонтерлерді және жанашыр тұрғындарды экоакцияға қосылып, қаланы абаттандыруға белсене қатысуға шақырады.
Еске салайық, экоакцияның негізгі мақсаты – қала көшелерінің тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қала көшелерін, аулаларын абаттандыруға кез келген тұрғын мен ұйым өз үлесін қоса алады.



