Елордада халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр


Астанада II Халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны El Umiti корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Оған Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев және Италия, Словения, Испания елдерінен спикерлер, сондай-ақ еліміздің өңірлерінен 300-ден астам маман қатысып жатыр.
«Бүгінгі таңда психолог мамандардың маңызы артуда. «Жас жеткіншектердің қиындықтарын қалай шешуге болады? Олардың бойындағы талантты қалай ашамыз?» деген мәселелерді форумда талқылаймыз. Психологиялық денсаулық - қазіргі кезеңде маңызды аспект. Әсіресе, балалардың өмірге психоэмоционалдық дайындығы, ата-анамен қарым-қатынас мәселесі өзекті болып тұр», - деді Еділ Оспан.
Вице-министрдің айтуынша, 20 өңірде Психологиялық қолдау орталықтарында 700-ден астам маман жұмыс істейді.
«Қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру - сапалы білім беруге қол жеткізу мәселесі ғана емес, бұл елдің орнықты дамуының негізі. Бүгінгі баланың психологиялық әл-ауқаты - ертеңгі қоғамның бет-бейнесі. Сол себепті біз білім беру саласында инновациялық тәсілдерді дамытуға, ата-аналармен, оқушылар қауымдастығымен, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән берудеміз. Астанада буллингтің алдын алу, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға өте үлкен мән берілді. Қала әкімдігінде осы мәселелерді талқылау бойынша тиісті кеңес құрылған. Осы бағытта елорда мектептерінде кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Қауіп-қатерді ерте анықтауға бағытталған модельдер енгізілді. Халықаралық пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр», - деді Қасымхан Сенғазыев.
Бүгінгі таңда Астанадағы мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.
«Біз 2024 жылдан бастап Астанадағы ЖОО-да магистратура деңгейінде кризистік психологияға оқытатын гранттар бөліп келеміз. Психологтар отбасындағы кризистік мәселелердің алдын алу бойынша білім алғаны жөн. Астанадағы мектептердің 90 пайызында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасалған. Қазіргі таңда қаланың 65 мектебінде инклюзияны қолдау қабинеттері ашылған», - деді Білім басқармасының басшысы.
Форум - Еуропа, Азия және Қазақстаннан жиналған жетекші психологтар, педагогтер мен сарапшылардың басын қосқан кәсіби диалог алаңы. Мұндағы басты мақсат - балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығын қолдауға бағытталған тиімді әдістерді талқылау, тәжірибе алмасу. Форумда балалардың қабілетін анықтауға арналған заманауи психотехнологиялар, еңбек нарығына бейімделген кәсіби бағдарлау, баланың әлеуетін ашудағы отбасының рөлі, буллинг пен суицидтің алдын алу, инклюзивті білім берудің үздік тәжірибелері айтылады.