Елімізде әйелдер мен балалардың әл-ауқатын бағалау сауалнамасы жүргізіледі
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық статистика бюросының Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Серікбаеваның айтуынша, елімізде 2024 жылғы 2 қыркүйектен 29 қарашаға дейін ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу басталады. Бұл зерттеу бүкіл ел бойынша 24 мың үй шаруашылығын, оның ішінде Астана қаласы бойынша 1104 үй шаруашылығын қамтиды.
«Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп жатыр. Осыған дейін бұл зерттеу 2006, 2010 және 2015 жылдары жүргізілген болатын.Зерттеудің мақсаты – еліміздегі балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажетті негізгі көрсеткіштерді жинау.Бұл іс-шараның маңыздылығы зор. Өйткені MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсаттарды анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындалуын бақылауға мүмкіндік береді», - деді Ж.Серікбаева.
Айта кетейік, сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтеді. алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталады және тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылады.
Барлық туындаған сұрақ бойынша жұмыс күндері бюроның сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.