00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты

Елордада еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты
фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Игі іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы мен «Игі істер марафоны» аясында өткізілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай бастама коммуналдық қызметкерлер еңбегінің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді.

Еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ және тәтті ұсынып, «Бәйтерек» монументі аумағын қардан тазартуға көмектесті.

«Біз бүгін суық ауа райына қарамастан елорданың таза болуына атсалысып жүрген коммуналдық қызметкерлерге қолдау білдіруге шықтық. Осылайша таңнан кешке дейін жұмыс істейтін адамдарға жылулық пен жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді»,- дейді елордалық ерікті Қайсар Құлқожахмет.

Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер еріктілерге алғыс білдірді.

«Аязды күні осындай акция ұйымдастырған «Есіл» ауданы әкімдігіне және еріктілерге алғыс айтамын. Олар бізге мүмкіндігінше көмектесіп, тіпті мереке күндері тәтті таратып, ықыластарын білдіріп жатады»,- дейді коммуналдық қызметкер Айнагүл Қожина.

Қала тазалығы жұмысында 10 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Нұрғали Өміржан мұндай игі акциялар халықты бірлікке шақыратынын айтты.

«Осындай игі акциялар қала бойынша жиі өтетінін естіп жатамыз. Бүгін ыстық шай мен бауырсақ таратып жатыр. Менің ойымша, осындай игі акциялар тұрғындарды ұйымшылдыққа шақырады. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін»,- дейді Нұрғали Өміржан.