Елордада электромобильдерді қуаттайтын станциялардың саны артады
Бұл туралы бүгін Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «ASTANA» ӘКП шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Дмитрий Авакянц айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация жеке инвесторлармен бірлесіп Астана қаласында электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобаларды іске асырып жатыр.
Биыл елордада 80-нен астам электр қуаттау станцияларын орналастыру бойынша 4 инвестордан ұсыныс түскен.
Электрмен зарядтау станцияларын қызмет көрсету объектілері, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары, вендингтік аппараттар, күту аймақтары, үй-жайлар және басқа да ілеспе сервистер мен адамдар көп жүретін өзге де орындарға орнату жоспарланып отыр.
«Қарастырылып отырған барлық жобалар заманауи жабдықтарды, соның ішінде отандық өндірушілер шығарған, электромобильдерді жылдам зарядтауды, мобильді қосымшалар арқылы клиенттерге байланыссыз қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін, халық жиі қолданатын төлем әдістерін қолдана отырып орналастыруды көздейді», - деді Дмитрий Авакянц.