Елордада «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін Астанада журналист, қоғаммен байланыс және коммуникациялар жөніндегі маман Маргерит Хокси Салливанның (қазақ тілінде жарық көрген) «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Кітапты қазақ тіліне аударуды жүзеге асырған ҚР АҚДМ Қазақстандық қоғамдық даму институты.
Іс-шараға ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі, ҚҚДИ Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, «М.NARIKBAYEV UNIVERSITY» Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің кеңесшісі Дебра Ло, ғылыми қоғамдастық өкілдері және кітаптың авторы Маргерит Хокси Салливан қатысты.
Маргерит Хокси Салливан бұл кітаптың алғашқы шығарылымы 20 жыл бұрын жазылғанын, ал қазақ тіліне аударылған бұл нұсқа – кітаптың екінші шығарылымы екенін айтты.
Кейбір елдерде баспасөз хатшыларына олар жұмыс істейтін ұйымның атынан сөйлеуге мүмкіндік берілмейтін жағдайлар кездеседі. Кейде олар өздерінің тікелей бастықтармен де жүйелі қарым-қатынас жасай алмайды. Және шешім қабылдау кезінде ешкім олардың (баспасөз хатшыларының) пікірін сұрамайды. Бірақ мен (жұмыс барысында) шешім қабылдау процесіне баспасөз хатшысының немесе ресми өкілдің қатысуы өте маңызды деп санаймын. Мен бұл кітапты жазған кезде әлеуметтік медиа қатты дамымаған кезі еді. Ол кезде мен баспасөз хатшыларына арналған тренингтер өткізетін едім. Мен барлық тәжірибемді осы кітапқа жинақтап, жаздым. Бұл тек баспасөз хатшыларына ғана емес, журналистерге де пайдалы кітап деп ойлаймын. Кітаптың негізгі идеясы әлі күнге дейін өте өзекті,- деді Маргерит Хокси Салливан.
Тұсаукесер сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Жиналған ғылыми қоғамдастық өкілдері пен БАҚ мамандары кітап авторына түрлі сұрақтар қойып, өзара тәжірибе алмасты.
Айта кету керек, 4-5 сәуірде елордада кітап авторының қатысуымен баспасөз хатшыларына арналған арнайы семинарлар мен тренингтер өтеді.