Елордада «Ата салтым - асыл қазынам» байқауы ұйымдастырылды

Елордада «Ата салтым - асыл қазынам» байқауы ұйымдастырылды
Фото: ұйымдастырушылардан

«Нұра» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде «Ата салтым - асыл қазынам» байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биыл елордада алғашқы рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастамашы болды.

Байқаудың мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұмытылған ежелгі дәстүрлерді жаңғырту. Сайыс ұйымдар арасында ұлттық әдет-ғұрыптарды насихаттауға, сондай-ақ ұжымдардағы бірлік рухын нығайтуға ықпал етуге арналды.

«Наурыз мерекесін жалпыұлттық деңгейде жан-жақты және жүйелі ұйымдастыруға арналған арнайы тұжырымдамаға сәйкес, «Наурызнама» онкүндігі аясында Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі мерекелік іс-шараның өтуіне мұрындық болып отыр.

Басты мақсат – еліміздің жаңаруы мен жаңа құндылықтарды қалыптастырудағы бірлік, бауырластық пен ынтымақтастық мерекесін жоғары дәрежеде насихаттау.

Сондықтан мереке дәстүрлерін сақтау және оның мазмұнын идеологиялық мағынамен толықтыру үшін іс-шарада ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүрлеріміз кеңінен қамтылып, құндылықтарымызды дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді», - деді Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Қуат Тлегенов.

Сайыста арқан тарту, кір көтеру, қол күрес, тоғызқұмалақ және т.б. көптеген дәстүрлі ойындар тартысты өтті. Ал байқаудың ең қызықты сәті - «Сырға салу» дәстүрі болды. 

Айта кетейік, аталған іс-шара 19 қарашаға дейін жалғасады.