Елордада Astana Bike веложалдау маусымы басталды


Бүгіннен бастап Astana Bike веложалдаудың жаңа маусымы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сағат таңғы 09:00-ден бастап абонементтер сатып алу және велосипедтерді пайдалану қолжетімді.
Қала бойынша барлығы 136 станция және 700-ге жуық велосипед бар. Станциялардың орналасқан жерін velobike.kz сайтынан көруге болады. Қосылуына қарай белсенді велостанциялар көк түспен боялады.
«Биыл велостанциялар мен велосипедтердің сыртқы дизайны жаңартылуда. Ол елордамыздың қоғамдық көлігінің дизайнымен үйлеседі.
Велосипедтерді пайдалану үшін velobike.kz сайтына тіркелу қажет. Сондай-ақ сайтта велостанцияларды қарауға, абонементтерді сатып алуға және веложалдау бойынша қажетті ақпаратты білуге болады», - делінген City Transportation Systems ЖШС хабарламасында.
Айта кетейік, веложалдау пайдаланушыларының жеңілдетілген санаты үшін маусымдық және тоқсандық абонементтерге 50% жеңілдік қарастырылған. Ол үшін velobike.kz сайтындағы жеке кабинетте жеңілдікті растайтын зейнетақы куәлігін немесе оқу орнынан анықтаманы (студенттер үшін) тіркеу керек.
Велосипедті жалға беру жүйесі 24/7 қолжетімді.
Сұрақтар бойынша iKomek 109 байланыс орталығына хабарласуға болады.



