Елордада қарттардың ауласын тазарту акциясы өтті

Елордада қарттардың ауласын тазарту акциясы өтті
фото: Астана қаласы әкімдігі

Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Сарайшық ауданы әкімдігімен бірлесіп «Таза Қазақстан» акциясы аясында зейнеткерлердің ауласының қарын күреу шарасын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шараны ұйымдастырушылар Сарайшық ауданының қарт тұрғындарын аралап, аулаларының қарын күреді.

«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шарбақты көшесінің бойындағы аулаларды қардан күреу арқылы қарттарға көмек көрсетілді. Басқа бөлімшелердегі әріптестерімізді акцияға қосылып, қарт азаматтарға қолдау көрсетуге шақырамын», - деді №23 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Манас Қадырбаев.

Аудан тұрғыны қар күреуге көмектескен қызметкерлерге алғыс білдірді. Қар күреу қарт кісілер үшін оңай шаруа емес, сондықтан мұндай көмекке үнемі қуанып қалады.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр. Жастардың, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, мәдениет және спорт қайраткерлері ауа райының қолайсыз кезінде мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, ыстық шай мен бауырсақ таратып, қар күрейді.