Елорданың Алматы ауданында екі заманауи жайлы мектеп ашылады

14 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views104
Елорданың Алматы ауданында екі заманауи жайлы мектеп ашылады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгінде Астананың Алматы ауданында Төлебаев және Жансүгіров көшелерінде  2 заманауи жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы аудан басшысы Рүстем Тәуекелов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аудан әкімінің сөзінше, 51 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Аудан бойынша барлығы 51 құрылыс нысаны бар (тұрғын үй кешендері – 18, әкімшілік ғимараттар – 22, әлеуметтік нысандар – 11). Төлебаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің жанында Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Қазақстан» спорт орталығы қайта жаңғыртылып жатыр. Жол инфрақұрылымы бойынша биыл бірқатар орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда: Абылай хан даңғылы, Тәуелсіздік даңғылы, Жұмабаев және Амман көшелері жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта Жұмабаев даңғылында жөндеу жұмыстары жалғасуда, ол аяқталғаннан кейін Қажымұқан көшесінде жөндеу басталады», - деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан аумағында барлығы 281 аялдама кешені орналасқан.

«Ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және аумақты уақтылы тазалау үшін аудан бойынша 21 мердігер ұйым тартылған, оның ішінде 12 ұйым көшелерді, 9 ұйым аулаларды тазалаумен айналысады. Сонымен қатар аумақты сапалырақ қызмет көрсету үшін учаскелердін саны арттырылды және техниканың саны көбейді», - деді Р.Тәуекелов.