Елордада аға буынның белсенді өмір сүру мәселесі талқыланды
Астанада 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы Алматы және Есіл аудандары бойынша дөңгелек үстел жиыны өтті, деп хабарлады Elorda.info.
2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылғы ақпанда бекіткен болатын. Ол егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін іс-шараларды көздейді. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов 2025 жылға дейін жоспар бойынша әлі бірқатар жұмыстар атқарылуы керек екенін айтты.
Бұл жоспар ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасауға, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастырға мүмкіндік беріп келеді. Бірақ егде жастағы адамдардың әлі де шешілмеген сұрақтары бар. Оларға кейбір спорттық кешендерде жеңілдіктер, денсаулығы үшін ай сайын алатын дәрілеріне жеңілдік болса дейміз. Аурухана немесе емханада да қарттарымыз кезексіз дәрігерге қаралса, міне сонда ғана біз жоспарымыздың орындалғаны деп білеміз. Бұл айтқан мәселелер әлі де шешімін табады деп ойлаймыз,- деді Сансызбай Есілов.
Дөңгелек үстелге қатысқан қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов өз сөзінде жиынға қатысып отырған аға буын өкілдеріне алғыс айтып, елордада халықтың 10 пайызын аға буын өкілдері құрайтынын жеткізді.
Бүгінгі жиында өзекті мәселелер айтылып жатыр. Біз үшін сіздердің ел ішіндегі, қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысып жүргендеріңіз маңызды. Елордадағы халықтың 10 пайызы ардагерлер. Дегенмен бүгінде әр аудандағы Ардагерлер кеңесі мен Белсенді өмір сүру орталықтары арқылы аға буын өкілдері арасында бір мықты жүйе қалыптасты деп айтуға болады. Халық арасында ауызбіршілік пен ынтымақтастықты да қалыптастыратын мына сіздер. Сондықтан да алдағы уақытта әлі де сіздердің белсенді әрі ұзақ өмір сүрулеріңізге жағдай жасалады,- деді Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов.
Жиында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары ардагерлерді мазалап жүрген сұрақтарына жауап берді. Қатысушы аға буын өкілдері жұмыспен қамту, емханалардағы кезек және дәрі-дәрмек бағасының жиі қымбаттап жатқанын жеткізді. Басқарма басшылары айтылған әрбір мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, тіпті көтерілген мәселе бойынша жеке талқылауды ұсынды.
Қазіргі уақытта елордада 4 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Жақында «Нұра» ауданында 5- ші филиалды ашу жоспарланып отыр. Орталықтың қызметі зейнеткерлік жастағы азаматтардың бос уақытын және мәдени уақытын ұйымдастыру, оның ішінде спорттық-сауықтыру бағытындағы бірқатар бағдарламалар, бос уақытты өткізуді, қауіпсіздік, құқықтық және қаржылық сауаттылық мәселелері бойынша дәрістерді қамтиды. Биыл орталықтарға 1344 адам тіркеліп, келушілер саны 55108 адамды құрады. Күн сайын орталықтарға 900 адам келеді.