Елордада 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Елорда әкімінің сөзінше, қалада рекордты көлемде мектептер салынып жатыр. Қазіргі уақытта 100 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымды) арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың арасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction салатын 90 мың оқушы орнына арналған екі ауысымды 24 жайлы мектеп бар.
«Қаланы аралау барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен бірге оқу жылының басында ашылатын жайлы мектептерге бардық. Бұл 8 мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Сарыарқа ауданында Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында, Бейбарыс Сұлтан көшесінде, Нұра ауданында Төле би көшесі мен 24 көшенің қиылысында, Есіл ауданында Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында, Нұра ауданында Төле би көшесі, 31 мекенжайында, Мәңгілік ел даңғылы мен Е-497 көшесінің қиылысында, Орынбор көшесі мен №37 көшенің қиылысында, Алматы ауданында А.Байтұрсынов көшесінде.
Сондай-ақ, оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа тағы үш мемлекеттік және бір жеке мектеп ашу жоспарланып отыр»,- деп жазды елорда әкімі.
Астанада жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп ашу жоспарланып отыр. Осылайша, жаңа оқу жылы барысында 23 мектептің құрылысы аяқталады.