Елордада 1 300-ден астам арнайы техника қар тазалауға шығарылды


Астананың коммуналдық қызметтері қысқы кезеңнің басынан бастап тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп жүр. Күн сайын қар тазалау жұмыстарына мыңдаған техника мен жол жұмысшылары жұмылдырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
18 ақпандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2500-ден астам жол жұмысшы мен 1300-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. 18 ақпанға қараған түні қар полигондарына 1 733 рейспен қаладан 22 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қыс мезгілінің басынан бастап 482 930 ауыр жүк рейсімен елордадан 5,96 млн текше метрден астам қар шығарылды. Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады.
Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады. Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие. Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.