Елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатыр

ҚР Энергетика министрлігі 2023-2025 жылдары Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, мұнай өңдеу зауыттары және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Мақуовтың айтуынша, тұжырымдама жобасына 50-ден астам компания мен мемлекеттік органнан 1000-нан астам ұсыныс пен ескерту келіп түскен.
Жолданған ұсыныстар Тұжырымдаманы нақты әрі іске асырылатындай етуге ықпал етті.
Қазіргі таңда тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталды. Энергетика министрлігі 19 іс-шарадан тұратын Жедел іс-қимыл жоспарын әзірледі. Бүгінде оның 8-і орындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен компанияларға хабарламалар жіберілді, мұнай өңдеу зауыттарына ай сайын іссапарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ МӨЗ жобаларының жол карталары әзірленді.
Бүгінде алты басымдық айқындалды:
1. Мұнай өңдеу зауыттарының қуаттын арттыру;
2. Мұнай өңдеу және мұнай химиясы ғылыми-зерттеу институтын құру;
3. «Конденсат» АҚ-ның өндірістік жүктемесін кезең-кезеңімен 50%-ға дейін жеткізу;
4. К5 және одан жоғары экологиялық санаттағы мотор отындарына көшу;
5. Жанар-жағармайдың стратегиялық сұйыққоймасын салу;
6. Мұнай-химия өнімдерін өндіретін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін зерделеу.
Қазақстандағы мұнай-газ химиясы екі негізгі бағытта дамып келеді:
1. Мұнай химиясы немесе сұйық заттардың мұнай-химиялық синтезі. Мәселен, арендер, беттік-белсенді заттар (ББЗ), кетондар, альдегидтер, спирттер және т.б. күрделі органикалық өнімдерге айналдыру. Қазіргі уақытта бұл бағыт Атырау мұнай өңдеу зауытында бензол мен параксилол өндірісі арқылы жүзеге асырылуда.
2. Газ химиясы – қанықпаған газ тәріздес көмірсутектерді сызықты полимерлерге өңдеу. Бұл бағыт KPI компаниясының полипропилен өндіру жобасы арқылы дамып келеді.
«Қазіргі мұнай өңдеу зауыттарын заманауи мұнай-химия конфигурациясы бойынша кеңейтіп, нарық сұранысына сай икемді өнім түрлерін шығаратын кешендер салу тиімді. Бұл мұнай-химия кешендерін инвестициялық тартымды әрі ұзақ мерзімді активтерге айналдырып, басқарушы компаниялардың құнын арттырады», – деді Талғат Мақуов.
Сонымен қатар, авиаотын өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде. Үш ірі МӨЗ жылына 1,5 миллион тоннадан астам авиаотын шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жекеменшік МӨЗ әлеуетін арттыру мәселесі де қарастырылуда. Саладағы негізгі басымдық – мұнайды терең өңдеу көлемін (қуатын) арттыруға, ESG талаптарына сай өнім сапасын сақтау мен берік ғылыми база қалыптастыруға берілген.
Тұжырымдаманы іске асыру саланың ұзақмерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, заманауи мұнай өңдеу және мұнай-химия кешендерін құрып, сапалы мотор және авиаотын өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.



