Bereke fest: Астанада ет, сүт сияқты азық-түлік өнімдері төмен бағада сатылып жатыр

Bereke fest: Астанада ет, сүт сияқты азық-түлік өнімдері төмен бағада сатылып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы "Анвар" сауда желісін аралап көріп, Bereke fest фестивалінің қалай өтіп жатқанын тексерді, деп хабарлайды Elordainfо.kz.

Министр сауда нүктесін аралап көріп, әлеуметтік азық-түлік түрлерінің халыққа қолжетімді бағада сатылу керек екеніне назар аударды.

Акция аясында халықтың сұранысына ие жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сиыр еті ұсынылып отыр. Сауда желілері қазақстандық өндірушілер үшін арнайы орындар бөліп, өнімдерді нарықтан төмен бағада сатуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл ішкі өндірісті қолдап қана қоймай, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының тұрақтануына ықпал етеді.

«Біз үшін тауар түрлерінің көп болуы, бағасының қолжетімді болуы маңызды. Халық арасынан таңдай алуы керек. Екінші жағынан сауда саласы қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр», - деді министр.

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев аталмыш акция бір ай жалғасатынын, бағалар бақылауда болатынын атап өтті.

«Бүгінгі күні Астана, Алматы қалаларындағы ірі сауда желілері Bereke fest акциясына қатысып жатыр. 80-ге жуық сауда желілері қатысады. 25 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығында жүреді. Шара отандық тауар өндірушілердің тауарларын халыққа арзан бағада жеткізіп беру үшін жасалып отыр. Сауда желілерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп отыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемақы 5-10%-дан аспауы керек», - деді ол.

Ернұр Жәутікбаев әсіресе ет бағасына ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

«Астана қаласы бойынша үлкен сауда желілерінде ет килограмына 2900 теңгеден келеді, сату бағасы 3300 теңгеден аспайды. Біз етті акцияға Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай сияқты Астанаға жақын облыстардан алдыртып отырмыз. Алдағы уақытта басқа өңірлерге де таратамыз. Өңірлер бойынша сауда желілерімен, отандық тауар өндірушілерден ақпарат жинап жатырмыз. Мысалы қанша көлемде ет қажет, оны қалай сақтайды деген сияқты ұйымдастырушылық сұрақтар болады», - деді Жәутікбаев.