00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Биыл елордада саябақтар қалай өзгереді

Биыл елордада саябақтар қалай өзгереді
фото: Оңалхан Өнерхан

Күнделікті қайнаған тіршілікте қала тұрғындары демалып, сейіл құратын орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмысының маңызы зор. Өйткені сырт көз қала көркі дегенде алдымен саябақтардың жай-күйіне назар аударады. Елордада тұрғындар мен меймандардың серуендеп, тынығуына арналған қанша орын бар? Биыл жаңадан демалыс аймақтары ашыла ма? Elorda.info тілшісінің шаһардағы саябақтарға қатысты сұрағына Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Сағыныш Сағынтаев жауап берді.

Мекеме қаладағы саябақтарды абаттандыру, көгалдандыру объектілерін салу және оларды  қайта жаңарту жұмыс¬тарына жауапты. Аталған басқарманың бас маманы Сағыныш Сағынтаевтың мәліметінше, қалада  2021-2023 жылдары 10 гүлзар, 1 саябақ, 1 рекреациялық аймақ және 1 қоғамдық кеңістік ашылған.

Қала тұрғындарына қолайлы жағдай  жасау мақсатында Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы абаттандыру нысандарының құрылысын жүзеге асырады. Елордада аумағы 92,0 гектар болатын  Ботаникалық бақ, жалпы ауданы 431,440 гектар 12 саябақ, ауданы 52,534 гектар 8 бульвар және жалпы ауданы 156,465 гектар болатын 116 сквер бар. 2021-2023 жылдары 13 абаттандыру нысаны салынды. Оның 10 гүлзар, 1 саябақ, 1 рекреациялық аймақ және 1 қоғамдық кеңістік,- дейді Сағыныш Сағынтаев.

Биыл басқарма 7 жобаны іске асырып жатыр. Басты жоба бойынша республикалық Бас мешіт аумағы абаттандырылып, Ж.Тәшенов және Т. Хусейн көшелерінде гүлзар салынады. Одан бөлек Мәңгілік Ел даңғылы, Президент саябағы мен «Қазақ елі» алаңы қайта жаңартылады. Сонымен қатар «Бейбітшілік және келісім» саябағы салынбақ.

Бүгінде іске асырылып жатқан жобалардың бесеуі басты жобаға кіреді. Мәселен 92 гектар болатын республикалық Бас мешіт аумағы абаттандырылады. 2021 жылы жобаның 1-кезегін іске асыру шеңберінде абаттандыру жүргізілді, яғни суармалы су құбыры, нөсерлі кәріз үшін инженерлік желілер тартылды. 2022 жылы субұрқақ пен автотұрақ салынып, жасыл желектер отырғызылды. Былтыр классикалық бақтарды абаттандыру бойынша жұмыс жүргізілді, 1 551 түп жасыл желек отырғызылды. Климаттық жағдайдың өзгеруіне байланысты ағаштар «ауырады»,  бүгінде оларды біздің климаттық жағдайларға бейімдеу жүріп жатыр. Биыл нысанды коммуналдық меншікке ішінара беру бойынша жұмыстар жүргізілуде,- дейді Басқарма өкілі.

Мәңгілік Ел даңғылын қайта жаңарту жұмысы Керей-Жәнібек хандар көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі қоғамдық кеңістікте жүргізіліп жатыр. Жоба шеңберінде бульвар бөлігі мен тротуарлар, веложолдар қайта жаңартылады. Суармалы су құбыры орнатылып, жасыл желек отырғызылады. Сағыныш Сағынтаевтың сөзінше, қоғамдық кеңістікке  биіктігі 6 метр болатын «Lorberg» Герман питомнигінен әкелінген  952 түп жөке ағашы отырғызылады. «Ұлытау» аллеясына да сондай  433 ағаш отырғызу көзделген.

Биыл іске асырылатын жоба ішінде 3 аумақта қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Мәселен «Қазақ елі» алаңында жасыл желек отырғызу, суару жүйесін, шамдар мен орындықтар және қоқыс тастайтын орындарды орнату жоспарланған. Ал Президент саябағында 804 түп ағаш, 74 мың бұта, 24 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызылады. Сонымен қатар суару жүйесін, шамдар мен орындықтар және қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылады. Ұзындығы 1 700 метр болатын веложол мен 3 300 метр жүгіру жолы қайта жаңартылады. Одан бөлек ойын алаңдарына шағын архитектуралық формалар, мүсіндік композициялар орнатылады. Бұл жұмыстардың барлығын желтоқсан айына деген аяқталады деп күтілуде,- дейді бас маман.

Биыл елордада жұртшылық тынығатын орындар қатарына жаңадан салынып жатқан «Бейбітшілік және келісім» саябағы қосылады. 

Жаңадан салынып жатқан саябақ ауданы 2,5 гектар болады. Жобада шағын сәулет нысандарын, балалар және баскетбол, футбол, стритболға арналған алаңдарды, гранитті төсеніштерден жасалған жаяу жүргіншілер жолдарын орнату көзделген. Саябақтың орталық бөлігі - Есіл өзенінің жағалауындағы күмбез тәрізді «Өмір ағашы» ескерткіші, оның ортасында субұрқағы бар өнер объектісімен қоршалған емен ағашы болады. Құрылыс жұмыстарын желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Сағыныш Сағынтаев.

Бүгінде басқарма 8 нысан бойынша жобалау-сметалық  құжаттама әзірлеп жатыр.  Жоба сәтті іске асып жатса Мәңгілік Ел даңғылы қайта жаңартылады. Сондай-ақ,  Есіл өзенінің жағалауында, Ақмешіт және Түркістан көшелерінде халық демалатын орындар ашылады. Одан бөлек «Линейный» парк,  «Қалалық романс»,  «Керуен» саябағы мен «Нұра-Есіл» каналында және «Пригородный» тұрғын алабында сквер салынады.