Биыл елордада мәдени салада қандай оқиғалар болды?
Биыл Астананың мәдени саласы үшін табысты да, шабытты жыл болды. Қалада мәдениет пен өнер саласында 19 мыңнан астам іс-шара өтті. Олардың ішінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Астанадағы Мәскеу және Ташкент күндері, Қазақстандағы Тәжікстан күндері, Астанадағы Индонезия астанасы Нусантара күні, TEATP ALL III халықаралық театр фестивалі, «Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі және т.б. аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Бұларды 2,3 млн астам көрермен тамашалады. Фестивальдар мен гастрольдер елі ішіндегі мәдени байланыстарды нығайтты әрі қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға ықпал етті. Сонымен, осы жыл қазақтың мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігін айқындайтын қандай жетістіктермен есте қалды? Elordainfo тілшісі бас қалада өткен 2024 жылдың басты мәдени іс-шараларын назарларыңызға ұсынады.
Биыл поэзия падишасы Фариза Онғарсынованың туғанына – 85 жыл
Астанада ақын, ҚР Халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай арнайы дөңгелек үстел өтті. Ақын көпшілік арасында кеңінен таралған талай шығарманың авторы ретінде оқырманның есінде мәңгі сақталады. Оның отты өлеңдері, очерктері, әңгімелері, повестері елімізде ғана емес, шетелдерде де танымалдылыққа ие болған.
«Театр барысы» турниріне 50-ден астам танымал актер қатысты
28 ақпанда Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында актерлер арасында қазақ күресінен театрлар арасында II республикалық «Театр барысы» турнирі өтті. Оның мақсаты – еліміздің театрларында ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанның театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысын нығайту.
Жарыста еліміздің 17 өңірінен 53 театр және кино актері 5 салмақ бойынша белдесті.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
74 келіде Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрының актері Аймахан Ермахан 1-орынды қанжығалап, екі дүркін «Театр барысы» атанды. Осы салмақта Астана қаласындағы Қуыршақ театрының актері Аманжол Хасенов 2-орынды еншіледі.
82 келіде белдескендер арасында Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының актері Мұхамедсаид Бағашаров 2-орынды, Астана қаласындағы Жастар театрының актері Бекжан Керімбаев 3-орынды иеленді.
90 келіде Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Әли Ризабек осымен екі дүркін «Театр барысы» атанды.
Ал ең жоғары салмақ +90 келі бойынша Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақжол Амантай 2-орынды қанжығалады.
Турнир қорытындысы бойынша әр салмақ жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 500 мың теңге (1-орын), 300 мың теңге (2-орын), 150 мың теңге (3-орын) сыйақы берілді.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл
Наурыз айында академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Әлем таныған Қаныш» республикалық конференциясы өтті. Ғалымның есімі берілген №61 мектеп-лицейінде өткен іс-шараға Парламент Сенатының депутаты, Қаныш Сәтбаев халықаралық қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Аспандияр Әденұлы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді, алаштанушы Заңғар Кәрімхан қатысты.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Ғалым мұрасы арқылы жас ұрпақ отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, білімге құштар болуға тәрбиеленеді. Конференцияда мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен «Қазақтың Қанышы» атты сахналық қойылымы ұсынылды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына «Ғылым – ғажайып әлем» интерактивті жетістіктер көрмесі өтті. Мұнда ұлы ғалымға арналған жылжымалы мұражай құрылып, онда Қаныш Имантайұлы ашқан кен орындарынан металдар мен минералдар экспонат ретінде қойылды.
Елордада жаз мезгілінде қазақстандық мәдениет апталығы өтті
Елордада 3-8 шілде аралығында қазақстандық мәдениет апталығы өтті. Оның аясында Есіл өзенінің жағасында бірқатар тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Астаналықтар мен қала қонақтары үшін ұлттық ойындардан түрлі интерактивтер, жарыстар дайындалды. Келушілер үшін тілдерді дамыту және мұрағат басқармасымен бірлесіп «Қазақша лайк» ойыны өткізілді. Сондай-ақ «Менің атым Қожа» және басқа да кинофильмдер көрсетілді.
Ұлттық атмосфераға ену мақсатында ұйымдастырушылар этноауыл құрды. Жағалауда ұлттық киімдер мен өнер көрмесі өткен «Алты бақан» мен киіз үй орнатылды. Осылайша қонақтар Қазақстанның бай мәдени мұрасын тамашалады. Сонымен қатар астаналықтарға тазы тұқымды иттер және бүркіт көрсетілді.
Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі қатысушылардың барлығына мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Театрлы Еуразия» халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды
Елорда күнін мерекелеу аясында 5-7 шілде аралығында «Театрлы Еуразия» халықаралық театр фестивалі өтті. Орталық саябақта өткен фестивальда Қазақстан, Ресей, Польша, Эстония және басқа да елдердің театрландырылған көше қойылымдары ұсынылды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Мұнда «АспектР», «СоЛу», «Черный квадрат», «Мимикрия», «Vokrug», «Королевский жираф» театрлары, Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры, Мұрат Мұтырғанов театры және басқа да ұжымдар өнер көрсетті.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Саябақта жүрген қонақтар мен қала тұрғындары әртістер мен басқа театрлардың шерулерін тамашалады.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Елордада ÓzgeEpic алғашқы ірі шығармашылық хабы ашылды
Астанадағы алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. ÓzgeEpic хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда келушілерге заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Сондай-ақ хаб аумағында қазақстандық баспалардың кітаптары сатылады.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Креативті хаб бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамытуға, қоғамның мәдени санасын арттыруға және дарынды әрі интеллектуалды жастарды қолдауға бағытталған.
Астаналық биші әжелер тобы Қырғызстанда топ жарды
Елорданың «Нұра» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі Қырғызстанда өткен халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
24-28 шілде аралығында Ыстықкөлде өткен «Таланты SUMMER FEST KYRGYZSTAN» атты байқауда биші әжелеріміз халық биі мен классикалық билеу өнерінен сынға түсті. Қырықтан астам би ұжымдары қатысқан өнер додасында астаналық биші әжелер топ жарып алға шықты. Әр номинация бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлде мен І орынды еншіледі. Ыстықкөлде ансамбль ұжымы «Әсемдік», «Биле-биле» және «Экспрессия» билерін қырғызстандық көрерменнің назарына ұсынды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
«Қыздар-ай» ансамблі 62-76 жас аралығындағы биші әжелерден құралған. Оған білікті маман Ирина Смағұлова жетекшілік етеді.
Астанада Ташкенттің мәдениет күндері өтті
Астанадағы Орталық саябақта Ташкенттің мәдениет күндері 7-8 тамыз күндері өтті. Оның аясында Ташкент әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық қолөнер көрмелері, отбасылық спорттық жарыстар мен ойындар, Өзбекстан туристік мүмкіндіктерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Дәстүрлі өзбек тағамдары сатылды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Сондай-ақ Амфитеатр сахнасында өзбек эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Мұнда Өзбекстан мен Қазақстанның Халық әртісі Фаррух Закиров, опера өнерінің өкілі, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов пен «Бахор» ұлттық би ансамблі және басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Күзде «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылды
7 қыркүйек күні Астанада «Қазанат» ипподромының жанында орналасқан «Көшпенділер әлемі» этноауылының ашылуы өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстан халқының бай мұрасымен, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен танысты. Этноауыл бірнеше орынға бөлінді: орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этникалық қоныстары, қолөнершілері және шығыс базары бар арнайы қала.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылды. Мұнда еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынды. Оның ішінде қолөнершілер ұлттық бұйымдарды жасау тәсілдерін, зергерлік бұйымдар, былғары өңдеу, керамикалық мүсін бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәдениет пен дәстүрді паш етті. Бағдарлама аясында театрлар шеруі, Қазақстан суретшілер одағы жұмыстарының көрмесі өтті. Сондай-ақ этношатырда сән көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Күзде III халықаралық театр фестивалі өтті
Астанада 28 қазан мен 3 қараша аралығында өткен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған ТЕАТР АLL III халықаралық театр фестивалі өтті. Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында болды.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Астана төрінде биыл үшінші мәрте өткен халықаралық фестивальға Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысты.
Театр фестивалінің шеңберінде шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер өткізілді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен театр өнері және өнертану факультеті студенттерінің Р.Мұқанова драматургиясы бойынша қойған өзіндік жұмыстарының көрсетілімдері, сонымен бірге Ұлттық кітапханада отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Наз» мемлекеттік би театрына – 25 жыл
Биыл Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрына 25 жыл толды. Мәдениетті хореография тілімен жеткізіп жүрген бірегей театр мерейтойын ерекше атап өтті. Қараша айында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында театрдың 25 жылдығы аясында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті.
(Фото: Астана қаласы әкімдігі)
Театрдың шығармашылық құрамы ұлттық фольклорды насихаттау мен қазақтың ұлттық биін дамытуды мақсат етеді. Ұжым танымалдылыққа ие болумен қатар, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді.
«Наз» мемлекеттік би театры ең алғаш 1999 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан «Наз» халық би ансамблі болып құрылды. Ансамбль 2007 жылдың 1 наурызынан мемлекеттік би театры мәртебесіне ие болды. Осылайша өз алдына жеке шаңырақ болған өнер ұжымының жеке ғимараты бар. Театрдың іргетасын хореографтар, ерлі-зайыпты Еркебұлан мен Қадиша Ағыбаевтар қалаған. Бұл театр – ТМД елдері бойынша ұлттық хореография тілімен би қоятын бірден-бір театр. 2005 жылдан бастап хореографиялық қойылымдармен айналысады. Театр қоржынында «Нұрғиса», «Тұйғындар», «Балеро», т.б. би қойылымдары бар.
Осы уақытқа дейін «Наз» мемлекеттік би театры Еуропа, Нидерланды, Түркия, Ресей, Франция, Бельгия, Қытай, БАӘ, Чехия, Болгария, Катар, Норвегия, Израиль, Украина елдерінде гастрольдік сапармен болды.
Сабина КӘКІМЖАН