00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Биыл елордада 70-тен астам көше жөнделеді

26 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл елордада 70-тен астам көше жөнделеді
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада күн райының жылынуымен жолдарда жөндеу-құрылыс жұмысы қайта жанданды. Биыл қалада 70-тен астам көшені жөндеу жоспарланып отыр, деп хабарлады Elorda.info.

Биыл жалпы ұзындығы 54,3 км болатын 72 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, оның 44-і – ұзындығы 40 км орталық көшелер, 28-і қаланың елді мекендерінде орналасқан.

Мәселен, әл-Фараби даңғылының Алаш көпірінен Пушкин көшесіне дейінгі учаскеде, Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан Кравцов көшесіне дейінгі аралықта, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы Мұстафин көшесінен Қошқарбаев даңғылына дейінгі тұсы, "Тұлпар" көпірі, Тұран даңғылы Қорғалжын көшесінен Сарайшық көшесіне дейін және т.б. учаске жөнделеді.

Сондай-ақ жоспар бойынша шұңқырлы орындарды жөндеу, жаңа тротуарлар салу, аялдауға арналған орындарды, пандустарды жайластыру бар.

Биыл елордада ұзындығы 13 км болатын 31 көше салынады, төрт көше бойынша жұмыс толық көлемде аяқталады, 19 көше бойынша – жалғасады, тағы сегізі енді басталады.

Сол сияқты биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көлік қозғалысына арналған көпір ашылады. Бұл жолдардағы көлік нөпірін едәуір азайтуға мүмкіндік береді: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы маңы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланыс жолы ашылады, - делінген әкімдік ақпаратында.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейде көлік айрығын салу жобасы жүргізілуде. Перспективалы көлік айрығы ауданында инженерлік желілерді салу, сондай-ақ көпір өткелінің темірбетон тіректерін орнату жұмысы басталды. Жоба 2 жылға есептелген. 2024 жылдың соңында жол жүруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.