00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қазақ тілі жасанды интеллект заманында қалай дамып жатыр

20 қараша, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Қазақ тілі жасанды интеллект заманында қалай дамып жатыр
Фото: Elordainfo.kz

Бүгін Астанадағы OzgeEpic креатив хабында қазақ тілін және мәдени мұраны технологиялар арқылы дамытуға арналған Tech for Kazakh іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған Steppe&World Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Кадер, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, Huawei Technologies Kazakhstan қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шана ханым, Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Мұнда «Huawei Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық» кітабының қазақ тіліне алғаш рет аударылған нұсқасы жайлы қызықты әңгіме өрбіді. Ал баспа авторы еңбекті, сондай-ақ күрделі кітаптарды, әсіресе ғылыми және техникалық әдебиеттерді қазақ тіліне аудару кезінде туындайтын қиындықтар туралы айтып берді.

«Біздің команда «Huawei Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық» кітабын аударуды биыл көктемде бастады. Бұл оңай болған жоқ. Кітаптың сапасы, авторлардың берген ақпараты – өте құнды. Мұнда әсіресе терминдермен жұмыс істеу кезінде қиындық туды. Бұл – жай бизнес кітап емес. Ол – сторителлинг. Оның ішінде компанияның әр қадамын, философиясын, құндылықтарын, даму жолын, стратегиясын, басшылар қалай шешім қабылдағанын  түсіндіріп береді. Еңбек әңгіме ретінде жазылғандықтан, көпшілікке ұнайды деген ойдамын. Кітаптан алар құндылықтар өте көп. Бұдан Қытай елі даму жолында қандай қадамдар жасап жатқаны туралы жан-жақты ақпарат аласыз», - деді баспа авторы.

Ашық диалог форматында өткен іс-шарада спикерлер тіл мен мәдениетті насихаттаудағы цифрлық шешімдердің рөлі туралы ой бөлісті.

«Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілін инновация және технологиялар  арқылы дамытатын мекемелердің бірі болып саналады. Қазіргі кезде біз қазақ тілін мемлекеттік құндылық ретінде жаңа технологиялар арқылы дамыту ісіне белсенді кірісіп кеттік. Мысалы, қазақ тілінің үлкен тілдік моделі, ұлттық тілдік моделі, қазақ тілін жасанды интеллект арқылы дамыту секілді іс-шараның дәл ортасында жүрміз. Расын айтсақ, қазақ тілі өзінің қолданушыларынан ауысып кетті. Тілдің әлеуетін, оның мүмкіндіктерін осында отырған сіз бен біз білмеуіміз мүмкін. Бірақ қазақ тілі өзінің әлеуетін біледі. Біздің тіліміз әлемдік технологиялардың тіліне айналып, оған бейім екенін дәлелдеді. Оны дәлелдеу үшін біздің мақала жазуымыздың қажеті жоқ. Осындай («Huawei Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық») кітаптардың, жасанды интеллектінің қазақ тілінде сөйлеуінің өзі тілдің өміршеңдігін және үлкен құндылығымыз екенін көрсетіп отыр», - деді Мақпал Жұмабай.

Спикерлерге «Технология саласында қазақ тілінің болашағы бар ма? Жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілінің келешегі қандай?» деген сауал қойылды.

«Біз қазақ тілінің әлеуеті мен мүмкіндіктеріне сенуіміз керек. Барлық нәрсе оны қолданушылардың сеніміне тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, біз тілдің мүмкіндіктеріне сенбей келдік. Тілдің мүмкіндіктеріне сенетін энтузиасттардың арқасында жаңа кезеңге қадам басты. Енді біз соған бейімделуіміз керек деп ойлаймын. «Қазақ тілі – сәнде», «Қазақ тілі – уақыттың алдында», «Қазақ тілі – уақыт ағымында» деген ұғымды алдымен өзіміз мойындап, балаларымызға сіңдіруіміз керек. Қазақстан – өзінің ұлттық тіл моделін жасап жатқан әлемдегі аз мемлекеттердің бірі. «Қазақтың қолынан бәрі келеді» деген дағдыны бүгіннен бастайықшы. Шын мәнінде солай», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры.

2023 жылы елімізде Coursera білім беру платформасының курстарын қазақ тіліне аудару жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов айтты.

«Мониторинг нәтижесінде қазақ тіліндегі курстарға сұраныс өте жоғары екенін байқадық. Студенттер арасында ол бірінші орында тұр. Одан кейін ағылшын және орыс тілдері. Осы деректерді негізге ала отырып, біз Huawei компаниясымен бірлесіп, үш курсты таңдап алдық. Қазіргі таңда оларды жасанды интеллект бойынша қазақ тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейін ол еліміздегі ЖОО-ларға тегін таратылады», - деді Нұрсұлтан Махатов.